Жаңалықтар

«Қыз Жібек» киносынан Асанәлі Әшімов екеуміз ғана қалдық - Меруерт Өтекешова

«Қыз Жібек» киносынан Асанәлі Әшімов екеуміз ғана қалдық - Меруерт Өтекешова
Фото: kazakhfilm 14.04.2025 13:45 456

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешова Аiqyn-ның «Аға буын & Z ұрпақ» жобасына қонаққа келіп, жас оқырмандардың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Актриса 16 жасында осындай рөлді сомдауға қорыққанын да жасырмады.

«Қыз Жібек» киносына ең мықты әртістермен бірге түстім. Тек Құман ағаларың 3-курстың студенті еді. Бірақ ол кісі киноны қалай түсіретінін, рөлді қалай сомдайтынын білді. Талантының арқасында Төлегеннің рөліне бірден өтті. Ал небәрі 16 жастағы мен үшін Қыз Жібектің рөлін ойнау қорқынышты болды. Себебі Әнуар Молдабеков, Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Гүлфайрус Ысмайлова, Асанәлі Әшімов сияқты біртуар азаматтармен бір алаңда жұмыс істедік. Жалпы, әртістердің көбісі М.Әуезов театрынан еді.

Киноның режиссері Сұлтан Қожықов өз ісінің нағыз маманы ғана емес, керемет адам еді. Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер болатын. Соғыс аяқталғаннан кейін Мәскеудегі инс­ти­тутқа киномотографияға оқуға түсіп, бітір­геннен кейін Алматыға келіп киносту­дияда жұмыс істеді. Киноның операторы – Асхат Ашрапов. Оператор болу, кадр түсіру өте қиын. Ол кезде кино камера да, қоятын жарықтар да көлемі үлкен, салмағы ауыр еді. Оған қарамастан, шығармашылық топ аянбай жұмыс істеп, жақсы фильм түсірді, - деді ол.

Өнер иесі әріптестерінің қатары сиреп қалғанын айтып, денсаулыққа мән беру керектігін еске салды.

Биыл белгілі күйші Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы тойланып жатыр. Атақты ком­позитор «Қыз Жібек» киносына да ат­сал­ысты. Ал костюмдерді атақты суретші, Жібектің анасының рөлін ойнаған Гүлфайрус Ысмайлова тікті. Ал киноның сценарийін классик Ғабит Мүсірепов жазғанын бәріңіз білетін шығарсыздар. «Қыз Жібек» фильмі неге жақсы шықты? Се­бебі қазақ өнерінің ең мықты май­талмандарының бәрі осы киноға қатысты. Олар тек «Қыз Жібекте» емес, қазақ өнер­інде де із қалдырған...

Жалпы, «Қыз Жібек» киносынан тек Асанәлі Әшімов екеуміз ғана қалдық. Төлегеніміз де жүрек ауруынан кетті. Жүрек ауруына адам шыдамайды. Сондықтан жүректеріңді сақтаңдар, - деп қосты ол. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға