коллаж El.kz

Қыз ұзатуға арналған әшекейлерім ерекше сұранысқа ие – «Дарын» сыйлығының иегері Томирис

05.12.2025 09:00

Әкесінің қасында отырып, қылқалам ұстап үйренген кішкентай қыз Томирис Қалиева биыл «Дарын» жастар сыйлығының иегері атанды. Осы орайда жас талантпен әңгімелесудің сәті түсті. Ол сұхбат барысында туындыларының халықаралық деңгейде бағалануының құпиясын айтты. 

 «Дарын» сыйлығын қалай иеленді?

Томирис «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының «Дизайн және бейнелеу өнері» номинациясы бойынша лауреаты атанды. Бұл – оның шығармашылық жолындағы алғашқы мемлекеттік деңгейдегі марапаты.

кейіпкердің жеке мұрағатынан

Марапат туралы хабарды естігенде қатты қуандым. Бұған дейін халықаралық жетістіктерім болды, бірақ мемлекеттік сыйлықтың орны бөлек. Ең алдымен әкеме хабарласып, қуанышты жаңалықты жеткіздім, – дейді ол. 

Жас суретші мұндай жетістікке жетуде ұстаздарының орны ерекше екенін айтады.

Оқу орнымдағы ұстаздарымның қолдауы маған әрдайым күш береді. Жеңісіме олардың еңбегі сіңді, – деді студент қыз.  

Байқауға қатысу үшін Томирис өзінің еңбектерін, шығармашылық портфолиосын сайтқа жүктеген. Іріктеуден өтіп, үздіктер қатарынан табылды.

Әкемнің жолымен жүріп келемін

Томиристің өнерге келуінде әкесінің рөлі айрықша. Әкесі Қанағат Қалиұлы – кәсіби суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Бала кезінен қылқалам мен бояуды жанына серік еткен.

кейіпкердің жеке мұрағатынан

Әкемнің сурет салғанын көріп өстім. Оның қасында өткен әрбір сәт мені өнерге жақындата түсті. Бала күнімнен-ақ түстерді, композицияны түсінуге тырысатынмын. Қазір де әкем – басты кеңесшім, ең үлкен қолдаушым, – дейді Томирис.

Өнерге деген қызығушылығы ерте оянған ол би билеумен де айналысқан. Дегенмен басты мансабы ретінде көркем тоқыма саласын таңдады.

Әкем Орал Таңсықбаев атындағы Алматы Сәндік-қолданбалы өнер колледжінде білім алған. Мен де оның жолын қуып, дәл осы оқу орнына түстім, – дейді жас студент.  

кейіпкердің жеке мұрағатынан
кейіпкердің жеке мұрағатынан

Томирис қазіргі таңда Орал Таңсықбаев атындағы Алматы Сәндік-қолданбалы өнер колледжінің «Көркем тоқыма» бөлімінде 3-курс білім алып жатыр.  

Бірнеше елде көрме өткізді

Томирис алғашқы жеке көрмесін Есік қаласында өткізген. Кейін бұл бастамасы халықаралық деңгейге ұласты.

2021-2022 жылдары ол Түркияның Анкара және Ыстамбұл қалаларында, сондай-ақ Дубайда өткен көрмелерде өз еңбектерін ұсынды.

Шетел көрмелеріне барған сайын қазақ өнеріне ерекше қызығушылықтың барын байқаймын. Кестелерімді, гобелендерім мен суреттерімді көрген адамдар ұлттық нақышқа таңданады. Сол сәттер маған үлкен шабыт береді, – дейді жас суретші.

Түркиядан дүкен ашқысы келеді

Томирис әр жұмысы арқылы қазақтың болмысын, ұлттық құндылықтарды көрсетуді мақсат етеді.  

Ол еңбектерінде қазақ қыздарының, екі ғашықтың бейнесін, ою-өрнекті композицияларды жиі қолданады.

кейіпкердің жеке мұрағатынан
кейіпкердің жеке мұрағатынан
кейіпкердің жеке мұрағатынан

Сондай-ақ жас суретші қыз ұзатуға арналған әшекейлерді де өз қолымен әзірлейді. Шашбау, алқа, шекелік – бүгінде көп сұранысқа ие. Көптеген қыздар арнайы тапсырыспен оның қолынан шыққан бұйымдарды алады.

Қазір Томирис колледждегі шығармашылық жобаларға ден қойып жүр. Бірақ болшаққа қойған жоспары өте ауқымды.

Оқуымды аяқтаған соң халықаралық көрмелерге көбірек қатысқым келеді. Түркияның Анкара, Ыстамбұл қалаларында киімдер, әшекейлер, тоқылған гобелен кестелер сататын дүкенімді ашқым келеді, – дейді ол.

Өз қолтаңбасын қалыптастыру үшін Томирис әр жұмысында есімі мен тегінің алғашқы әріптерін – «ТҚ» белгілеп қояды. Оның қолынан шыққан дүниені дәл осы белгі арқылы бірден тануға болады.

Жастар тоқыма саласын көп біле бермейді

Жас шебер бүгінгі жастардың қолөнерге деген қызығушылығы жайлы да ойымен бөлісті.

кейіпкердің жеке мұрағатынан
кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жастар тоқыма саласын көп біле бермейді. Бірақ бұл саланың болашағы зор. Уақыт өте келе оған деген қызығушылық артады деп сенемін. Өзім де бұл бағыттың дамуына үлес қосқым келеді, – дейді ол.

Оның айтуынша, тоқыма – адамның жүрегіне тыныштық сезімін сыйлайды.

Тоқыма – жай ғана өнер емес, ол адамның жанын тыныштандырады. Әр жіпті өрген сайын жүрегім де тынышталып, ішкі әлемім реттелгендей болады. Сондықтан жастарға осы мамандықты таңдаудан қорықпауға кеңес беремін, – деді ол.

Жас талант қандай жетістіктерімен ерекшеленді?

Томирис Қалиева – жас болғанына қарамастан, айтарлықтай үлкен жетістіктерге жетіп үлгерген талант иесі. Мәселен, 2022 жылы Анкарадағы «Бабалар мұрасы» көрмесіне қатысып, қазақтың қолөнерін көрсеткенде, шетелдік көрермен оның жұмысына ерекше қызығушылық танытқан. Сол еңбегі үшін ТҮРКСОЙ мен Қазақстан Елшілігінен алғыс хат алған.

Ыстамбұл мен Ялова қаласындағы, Дубайдағы халықаралық көрмеде де ұлттық нақышты танытып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Томиристің ең үлкен жетістіктерінің бірі – 2021 жылы өткен «Мың бояулы әлем» халықаралық байқауында гран-приді жеңіп алуы. Бұл байқауға бірнеше елден кәсіби жас суретшілер қатысқан еді. Осынша мықтының арасынан оза шығу – үлкен еңбек пен шынайы таланттың белгісі.

Одан бөлек, ол түрлі республикалық және халықаралық байқауларда жүлдегер атанып жүр. «Ұлы Жеңіске 75 жыл» байқауында гран-при, «Алматы BalaFest» фестивалінде I-орын, Тәуелсіздік күніне арналған көрмеде I-орын,  «Мерекелі мамыр» байқауында II-орын, иеленген.

Сонымен қатар Томирис Қастеев музейі, Мемлекеттік орталық музей, Есік музейі сияқты үлкен өнер орталықтарында өткен көрмелерге үнемі қатысып, еңбегі үшін бірнеше рет алғыс хат алды. Ал 2023 жылы оның жетістіктері «Жаңа Қазақстанның жаңа есімдері» энциклопедиясына енген.

Суретші қыз өзі ғана дамып қоймай, өзгеге де үйретуді жақсы көреді. Университет студенттеріне жіппен тоқу техникасы бойынша шеберлік сағатын өткізіп, жас өнерпаздарға шабыт беріп жүр.