Жаңалықтар

Қыз ғұмыры қалай аяққа тапталады?

Қыз ғұмыры қалай аяққа тапталады?
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 07.08.2023 13:45 1883

Қыз беріп, өрісін кеңейтіп, келін түсіріп, ұлан-асыр той жасау, «құда мың жылдық» деп төс қағыстыру – қазақтың жарасымды ежелгі дәстүрі. Жастар бірін-бірі ұнатып, шаңырақ көтеруді ұйғарса, үлкендер жағы киіт-қоржынның қамымен әбігерге түсіп, шапқылай бастайды. Қазақтың дәстүрін бүге-шігесіне дейін орындау көп шығынды талап ететіні құпия емес. Қолы қысқа отбасылар үшін құда түсіп, сырға салу, басқа да жоралғыларды орындау ауыр болғандықтан, екі жасқа батасын беріп, «алып қашуға» келісіп жататыны да бар. «Тәтті шәйден» кейінгі «алып қашудың», әрине, ешқандай әбестігі жоқ.

Десе де, бір-екі рет қана сырттай көрген немесе бұрын мүлде көрмеген жігіттің қызды зорлықпен алып қашу деректері де аз кездеспейді. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде.

Зорлықпен алып қашудың құрбаны түркістандық Гүлмира Бекжасар (аты-жөні өзгертілді) гүл-өмірінің қалай тапталғаны жайында былай баяндайды.

Төрт жыл көз майын тауысып, білім алып, дипломға жаңа қол жеткізген кезім еді. Ауылға қайтып келіп, жұмысқа орналасуды ойластырып жүрдім. Студент кезден сырласып жүрген ең жақын құрбым С. келіп: «Көрші ауылда жақын туысымның туған күн кеші болайын деп жатыр. Мені шақырды, бармасам ұят. Қасыма серік болып, ілесіп барасың ба?» – деп сұрады. Басында бас тарттым. Үгіттеп қоймаған соң, көңілін қимай келісім бердім, – деп күрсінді Гүлмира.

Оқиға әрмен қарай былай өрбиді. Жас қыз құрбысына сеніп, көрші ауылдағы туған күн болып жатқан үйге келеді. Иә, көп адам жиналыпты. Жастар отырған бір бөлмеге кіріп, дастархан басына жайғасып, демалуға кіріседі.  Артынша бір топ әйел есіктен кіріп келіп, басына орамал салмақ болады. Сонда ғана торға түскенін ұғынады. Көп адам жан-жағынан қаумалап, өмірі көрмеген, өзінен он жас үлкен жігітке күйеуге шығуға үгіттейді. Қарсылығын тыңдаған адам болмайды. Сол түні болашақ күйеуінен, мүлде танымайтын адамнан сексуалды зорлық көреді.

Отбасымның тәрбиесі солай, ар-ұятты алға қойып өскен қызбын. Болары болып, бояуы сіңген соң, «есік көрген қыз» деген атқа қалмайын деп, тағдырға бой ұсындым. Қуғыншыларға «өз еркіммен» келгенімді айтып қайтардым. Тіпті, күйеуімнен жақсы адам болып шығар деген үмітім де жылт етті. Бірақ бәрі бекер болып шықты,дейді Гүлмира жүзі солғын тартып.

Күйеуі өте қызғаншақ әрі ұрдажық адам екен. Еш себепсіз қызғанып, қит етсе, таяққа жыққан. Осындай жағдайда бала бітіп, қыз бала босанады. Бірақ бала сүю бақыты әлгі ожарды сабасына түсірмепті. Қорлық-зорлық көрсетуі үдемесе, бір мысқал кемімеген. Таяқтан өлетінін түсінгеннен кейін ғана, ажырасуға бел буады. 

Қазір мен де бәрі жақсы. Өз теңімді таптым. Шүкір, бақыттымын. Бірақ мені сол қатігез адамға алдап әкелген құрбымды өмір бойы кешірмеймін. Ешқашан кешіре де алмайтын шығармын, – деді Гүлмира ауыр күндерін еске алып.

Қыз алып қашатындарға заң қатаңдайды

Көп жағдайда қыз алып қашу бір тәсілмен жүзеге асады. Арасында «қалыңдықтың» жақын құрбысы немесе «сенімді адамы» делдал болып, зорлықшы күйеуге алдап шығарып береді. Гүлмираның оқиғасы қыз алып қашу операциясының классикалық үлгісі десе де болады.

Алып қашудың сексуалдық зорлық, еркінен тыс некеге мәжбүрлеу, адамның бостандығын шектеу, адам ұрлау секілді секілді қылмыс екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан да елімізде қыз алып қашатындарға жазаны барынша күшейе түспек. Күні кеше Бас прокуратура омбудсменнің Қылмыстық кодекске «Неке қию мақсатында адамды ұрлау» бабын (125-1 бап) енгізу туралы ұсынысын қолдады. Бұл керітартпа «дәстүршілдерге» қатаң ескерту болмақ. Әрі еліміздегі әйелдердің құқығын таптайтын қылмыс деңгейін азайтуға зор мүмкіндік береді.

Мұндай келеңсіздік Орталық Азия елдерінің бірсыпырасында кездеседі. Айталық, Қырғыстан, Өзбекстан мен Түркіменстан елдерінде де бар. Десе де, бұл елдер бассыздыққа тыйым салып, қылмыстық заңнамаларында әйелдерді алып қашу туралы арнайы бап енгізген. Бұл тәжірибе алып қашуға тосқауыл бола алатынын нақты көрсетіп отыр.

Мәжбүрлі некеге тұрған қыздардың жыныстық, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы да белең алып барады. Көбіне мәжбүрлі неке құрған қыздарды білім мен мамандық алу мүмкіндігінен айырады, бұл олардың тәуелді және осал жағдайын одан сайын нашарлатады, – деп мәлімдеді омбудсмен.

Қазіргі заң бойынша, қызды өз еркiмен босатса және өзге қылмыстық құрам болмаса, алып қашқан қылмыстық жазадан босатылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің кеңсесі бұл ескертуді заңнан алып тастауды қарастырып жатыр.

Елімізде 2019 жылдан қазірге дейін «адам ұрлау» бабы бойынша 214 қылмыс тіркелген. Бірақ некеге тұру мақсатында қызды ұрлау бойынша нақты статистикалық дерек жоқ болып шықты. Өйткені Қылмыстық кодексте мұндай құқық бұзушылықтың жеке құрамы көрсетілмеген көрінеді.

«Француз әйелдерінің де, қазақ әйелдерінің де құқығы бірдей»

Біріккен ұлттар ұйымының пікірінше, гендерлік теңдік – адам құқығының негіздерінің бірі. Бұл – бейбітшілік, гүлдену және тұрақты дамудың көрсеткіші. Патриархалды қазақ жерінде де гендерлік теңдікке мұрын шүйіріп қарайтындар да бар. Әсіресе, басшылық орындарға тағайындаған кезде әйел үміткердің бағы ұдайы жана бермейді. Жұмыс берушілердің «ертең күйеуге немесе декретке  кетеді» деген түрлі сылтаумен нәзік жандыларды жұмысқа алудан тартынатынына талай куә болдық.  

Кеше бір ер кісімен сөйлестім. Өзі Ұлытау мәслихатының депутаты. «Өз басым, батыстық феминизмге қарсымын. Біздің менталитетімізге жат нәрсе» дегенді айтты. Феминизмнің сипатын сұрағанымда, тұщымды жауап бере де алмады. Оның ойынша, феминизм жаман нәрсе екен. Шынтуайтында, бұл – әйелдің құқығы деген сөз. Менің ойымша, француз әйелдерінің де, қазақ әйелдерінің де құқығы бірдей болуы тиіс. Бұл жерде батыс пен шығыстың түкке қатысы жоқ, – дейді Ұлттық кеңестік мүшесі Тоғжан Қожалы.

Қоғам белсендісінің пікірінше, елімізде әйелдердің жалақылары еркектерден төмен. Қазіргі заманда ер адам мен әйел адамның жұмысқа қабілеті тең.

Қазір бұрынғы жаугершілік заман емес. Үйдің шаруасында, бала тәрбиесінде әйел мен еркек тең үлес қосуы тиіс. Қазір техника дамыған. Үй шаруасын тұрмыстық техника өз мойнына алып отыр. Бұрынғыдай ауыр жұмыс жоқ. Әйел қазір жұмыс істейді, үйге, балаға, туыстарына қарайды. Сонда еркек не істейді? Көбіне масыл болып жүр. Күйеуі жұмыс істемейтін, балалардың жәрдем ақысына күн көріп жүрген отбасыларды да көріп жүрміз, – дейді Тоғжан Қожалы.


Гендерлік саясаттың әлем үшін маңызы неде?

Гендерлік саясат туралы сөз қозғаған кезде, соңғы он жылдықта әлемде елеулі ілгерілеушілік бар екенін айта кеткен жөн. Бірақ бұрынғы меже – 2030 жылдарға қарай да әлем гендерлік теңдікке қол жеткізе алмайтын көрінеді.

COVID-19 падемиясының әлеуметтік және экономикалық салдары ауыр тиген. Тіпті, жеткен жетістіктерді кері қайтарғаны байқалады. Онсыз да таршылық көріп келе жатқан Әйелдердің денсаулығын қорғау қызметі қаржылық жағынан ірі қиындықтарға тап келе бастапты.

Ілгері дамуды жылдамдату үшін ілкімді қадамдар керек. Оның ішінде гендерлік теңдікті көздейтін заңдарды, саясатты, бюджет пен институттарды қайта қарау да бар. 

Әйелдерге зорлық көрсету жер-жерде жиі кезігеді. Әлемде 15 жастан асқан қыз-келіншектердің 26 пайызы немесе 641 миллион әйел жәбір көріп, сексуальды зорлыққа ұшыраған. Еліміздегі жағдай да аса көңіл көншітпейді. Соңғы 2,5 жарым жылда 300 әйел серігінің қолынан көз жұмыпты. Бұдан бөлек, 913 арудың денсаулығына ауыр зақым келсе, 837 жағдайда орташа жарақат алған. Осы істер бойынша 35 мың адам жауапқа тартылған.

2021 жылы әлемде әрбір бесінші қыз 18 жасқа толмай тұрмыс құруға мәжбүр болған. Африка елдерінде нәзік жандылардың 35 пайызы, Оңтүстік Азия елдерінде – 28 пайызы бала күнінде күйеуге шығыпты. БҰҰ дерегінше, соңғы бес жылда балалардың некеге тұруы небәрі 10 пайызға төмендеп отыр. 2030 жылдарға қарай 100 миллион бүлдіршін қыз келін атануы мүмкін деген болжам бар. Ал COVID-19-дың кесірінен бұл көрсеткіш тағы да 10 миллионға көбеюі ғажап емес.

Сонымен қатар, әлемнің 31 елінде кері тартпа сана мен дәстүрлердің ықпалымен, 200 миллион бөбек пен әйелдердің жыныс мүшесіне қауіпті ота жасалған екен.

БҰҰ Әлемдегі әйелдер мен қыздарды кемсітушіліктің барлық түрін жоюды, адам саудасын, сексуальды және басқа да жағымсыз әрекеттерді қоса алғанда, ерте некеге мәжбүрлеуді, зорлық көрсетуді түп-тамырымен құртуды көздеп отыр. 

Десе де, әйелдердің мәнсапқа ие болуында аздаған алға жылжу бар. Бірақ қарқыны мәз емес көрінеді. БҰҰ-ның пайымдауынша, осы қарқынмен ұлттық парламенттердегі әйелдер мен ерлердің санын теңестіруге әлі 40 жыл қажет. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға