Қытайлық көліктердің қауіпті екені анықталды
Мөлдір Қайнар тілші
Қытайлық гибридті автомобильдердің салонында электромагниттік өріс деңгейі санитарлық нормадан 8 есе артық. Бұл туралы Пермь политехникалық университетінің ғалымдары жүргізген зерттеуде анықталған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Сарапшылардың айтуынша, экологиялық таза көліктерге әлемдік қызығушылық жылдам артып келеді, ал бұл сегменттің елеулі бөлігін қытайлық модельдер құрайды. Дегенмен, олардың санын көбейту жаңа қауіп – электромагниттік қауіпсіздік мәселесін де алға тартты.
Дәстүрлі көліктерде электромагниттік өріс тудыратын жүйелер тек кейбір сәттерде ғана іске қосылады, ал гибридтерде қуатты тартқыш электрқозғалтқыш, литий-ионды батарея және инверторлар үзіліссіз жоғары деңгейдегі электромагниттік өріс тудырады.
Зерттеу нәтижелері:
- Жеделдеу кезінде электр өрісінің кернеулігі 200 В/м-ге дейін жеткен (рұқсат етілген шегі – 25–40 В/м).
- Тежеу кезінде көрсеткіш 50–100 В/м аралығында болған.
- Тыныш күйде параметрлер санитарлық нормадан аспаған.
ПНИПУ жол құрылысы және көлік институтының директоры Алексей Щелудяков мұндай өрістердің ұзақ уақыт бойы әсер етуі жинақталу эффектісін тудырып, неврологиялық бұзылуларға, депрессияға немесе онкологиялық ауруларға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Мамандардың пікірінше, қауіпті азайту үшін көліктің жобалау кезеңінде-ақ экрандаушы материалдар, электромагниттік кедергілерге қарсы фильтрлер және жоғары вольтты жүйелер архитектурасын жетілдіру қажет. Әзірге жүргізушілерге автомобиль таңдау кезінде бұл факторды да ескеру ұсынылады.

