Қытайлық инвесторлар Маңғыстауда бекіре тұқымдас балық өсіруге ниетті
Қытайдың Gansu Joy Sturgeon Ecological Technology Co., Ltd. компаниясы өкілдері Маңғыстау облысында балық шаруашылығына қолдау білдіріп, жұмыс істеуге ниет танытып отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбаймен кездесуде екіжақты ынтымақтастық, аймақтағы балық шаруашылығын дамыту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Қытайлық инвесторлар Маңғыстау облысында бекіре тұқымдас балық өсіруді кеңейтуге ниетті екенін жеткізген. Бұған дейін аталған компания Қарағанды облысында қазақстандық серіктестерімен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Енді осы тәжірибені Маңғыстау өңірінде жалғастыруды көздеп отыр.
Шетелдік компания өкілдері мемлекет тарапынан көрсетілетін субсидиялар, жер телімдерін бөлу, инфрақұрылымды тарту сынды қолдау түрлеріне қызығушылық білдірді. Жоба жүзеге асқан жағдайда, аймақта жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандық балық шаруашылығының бренді қалыптасып, өнімнің бір бөлігі экспортқа бағытталмақ.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететін жобаларды әрқашан қолдайтынын атап өтті.
Мұндай инвестициялық жобалар Маңғыстау облысы үшін аса маңызды. Жаңа жұмыс орындарын құру, өңір экономикасын әртараптандыру, экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, - деді Нұрдәулет Қилыбай.

