Қытайлық ғалым айына 14 долларға өмір сүру туралы шешім қабылдаған
Қытайда жас жігіттің ерекше оқиғасы көпшіліктің назарын аударды: ол сән-салтанатты өмірден бас тартып, қазір бар болғаны айына 14 доллармен көшеде күнелтуде. Бұл туралы South China Morning Post-қа сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
32 жастағы Шанхай тұрғыны Чжао Дянь 10 жасында ата-анасымен бірге Жаңа Зеландияға қоныс аударған. Ол жерде екі бакалаврлық және үш магистрлік диплом алып, қаржы саласында танымал ғалымға айналды. Әр кезеңде Сидней, Нью-Йорк, Бейжің мен Парижде де тұрған.
Алайда ата-анасының жоғары талаптары мен суық қарым-қатынасы бала кезінен-ақ оған ауыр соққы болған. Өзінің сөзінше, әкесі солақай болғаны үшін жазалайтын, ал анасы ұлының қиындықтарына түсіністік танытпаған.
Шетелде өткізген жылдары ол жалғыздықпен арпалысып, жұбанышты тек жерлестерінен тапқан. Парижде жүргенде қытай мейрамханасының асханасында жұмыс істеп, қарапайым еңбектен шынайы қуаныш сезінген.
2023 жылы Чжао Қытайға оралды. Әуелі жергілікті сыра фестивалінде даяшы болды, кейін қонақ үйде еңбек етті. Былтыр Юньнань провинциясындағы Дали қаласына жеткенде, көшеде өмір сүруді саналы түрде таңдады. Оның айтуынша, бұл шешім оған нағыз еркіндік пен қанағат әкелді, бірақ қоғамда түрлі пікір туғызды.
Қазір оның күн тәртібі таңғы 7-де оянып, кешкі 9-да ұйықтаудан тұрады. Уақытына қарай хостелде жуынады, тегін вегетариандық асханалардан тамақтанады, ал киімін қонақ үй кір жуатын орындарында тазалатады. Киімінің барлығы қолданылған. Осылайша ол айына небәрі 14 доллар жұмсайды, ал жинақтаған қаражаты шамамен 350 долларды құрайды. Қасында әрдайым электронды кітабы бар, сол арқылы саяхат кезінде көп уақытын оқуға арнайды.
Беделді университеттерде оқығанына қарамастан, ол тым талапшыл әрі қатаң білім беру жүйесін жастардың өздерін жоғалтқандай сезінуіне басты себеп деп санайды.

