gscarbuy.com

«Қытайлық Ferrari» электрокарлар арасында жылдамдық жағынан рекорд орнатты

BYD компаниясы электромобильдер арасындағы жаңа әлемдік жетістік туралы мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Соңғы сынақтарда Yangwang U9 гиперкары сағатына 472,41 шақырым жылдамдыққа жетті. Нәтиже инженерлік тестілер аясында тіркелгенімен, қытайлық CarNewsChina басылымы бұл көрсеткіш абсолютті рекорд емес деп отыр.

U9 былтырғы қарашамен салыстырғанда айтарлықтай ілгерілеген: ол кезде жылдамдығы 391,94 км/сағ болса, бұл жолы көрсеткіш 20,53%-ға артты. Осылайша, BYD Қытайдағы ең жылдам электрокарға айналды және әлемдік деңгейдегі мықтылардың қатарына қосылды.

Салыстыру үшін:

Koenigsegg Jesko Absolut – 531 км/сағ

Bugatti Chiron Super Sport 300+ – 490 км/сағ

Іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктер арасында әлемдік рекорд SSC Tuatara-ға тиесілі – 474,8 км/сағ.

Баға айырмашылығы да таңқалдырады: Bugatti немесе Jesko шамамен 10 млн юаньнан (1,66 млрд теңге) басталып, кей үлгілері 30 млн юаньға (шамамен 5 млрд теңге) дейін жетеді. Ал Yangwang U9 құны бар болғаны 1,68 млн юань (≈280 млн теңге).

Қытайлық Sanyan Tech дерегінше, алғашқы Yangwang U9 2024 жылдың 21 тамызында клиентке табысталған. Бір жыл ішінде суперкәрді 149 адам сатып алып, ол жеткізілім саны жүзден асқан алғашқы қытайлық гиперкар атанды.

Дегенмен электромобильдер арасындағы ресми әлемдік рекорд әлі де студенттік жобаға тиесілі. Venturi Buckeye Bullet 3 – Огайо штатындағы университет студенттері жасаған электрокар, 2016 жылдың 19 қыркүйегінде орташа жылдамдықты екі бағытта өлшегенде 549,4 км/сағ көрсеткен.

BYD Yangwang U9 нәтижесі Қытай технологияларының қарқынды дамып келе жатқанын және компанияның әлемдік деңгейде тек қолжетімді модельдер жағынан ғана емес, гиперкар сегментінде де бәсекелес болуға ұмтылысын айқын көрсетеді.