Қытайдың жол қозғалысын ЖИ роботтар реттейді
Қытайдың бірқатар қалаларында жол қозғалысын реттейтін қызметті енді арнайы жасалған робот-реттеуші атқаруы мүмкін. Жасанды интеллектпен жабдықталған бұл құрылғылар көлік ағынын өздігінен бағыттап, жол ережесін бұзған жүргізушілерге ескерту жасай алады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Әсіресе мопед, электроскутер мінгендер арасындағы тәртіп бұзушылықтарды анықтауға таптырмас құрал болып отыр.
Жобаның негізгі мақсаты - жол қауіпсіздігін күшейту және адам ресурсын тиімді пайдалану. Егер қалада светофор істен шықса немесе жол айрығында кептеліс туындаса, роботты сол жерге дереу орналастыруға болады. Ал полиция қызметкерлері уақытын күрделі немесе жедел әрекет етуді талап ететін тапсырмаларға бағыттайды.
Қазір мұндай ЖИ-реттегіштер Ханчжоу мен Шанхай қалаларында сынақтан өтіп жатыр. Роботтар жолдағы жағдайды камералар арқылы бақылап, нақты уақыт режиміне талдау жүргізеді. Олар жүргіншілерге қол сигналдарын көрсетіп, жүргізушілерге дауыс күшейткіш арқылы хабарлама жасай алады. Құрылғы күн мен жаңбырға төзімді, түнгі уақытта да еш кедергісіз жұмыс істей береді.
Жергілікті билік алғашқы сынақтардың нәтижесін оң бағалап, жобаны Қытайдың басқа өңірлеріне де енгізу мәселесін талқылап жатыр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай технологиялар көлік қозғалысын басқаруды автоматтандыруға, адам шығынын азайтуға және жол ережесін сақтау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін, ірі компаниялардың ЖИ-ге лауазымды қызметтер беріп жатқанын жазған болатынбыз.

