Бейжіңнің Е-Town аймағында ашылған ерекше мейрамхана мен көрме орталығы қонақтарға болашақтың келбетін көрсетті. Мұнда бариста болып кофе дайындайтын да, өлең оқып қонақпен әңгімелесетін де, тіпті шахмат ойнайтын да – роботтар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттінің тілшісі.
Мейрамхананың есігін ашқаннан бастап-ақ сізді адамдар емес, ақылды роботтар қарсы алады. Бірі орынға бастап барса, екіншісі мәзірді таныстырады. Бариста-робот кофе қайнатып, үстіне әдемі сурет салып береді.
Жеті тілде сөйлейтін «Сяо Ци» қонақтарға мәзірдің ерекшелігін түсіндіріп, тіпті аллергияға қатысты сұрақтарға да дайын жауап айтады. Ал сахнадағы «Ли Бай» мен «Су Шы» өлең оқып, қонақтың көңілін көтереді.
«Ньютон» тағамның артындағы ғылыми құбылыстарды түсіндіріп, қуырудың неге белгілі бір температурада жүретінін қарапайым тілмен жеткізеді. Бұған қоса, «Эйнштейн» роботы ғылымнан қызық деректер келтіріп, балаларға шағын викторина ұйымдастырады.
Залдың ортасында тұрған аквариумда алтын түстес “Айдаһар-балық” – BG-5 Golden Dragon Fish жүзіп жүр. Оның қимылы шынайы балықтан айнымайды. Бұл биомиметика үлгісі қонаққа тыныштық сыйлайды әрі нағыз табиғи көріністей әсер қалдырады.
Балалар панда-роботпен ойнап, би билейтін роботтарға қызығады. Ас үйде смарт-жабдық тағамды дайындап, жеткізу роботтары ыстық ас пен сусынды үстелге апарады. Бос ыдыс пен қалдықты қайта өңдеуге де арнайы роботтар жауап береді.
Көрме залында жаңа буын гуманоидтар ұсынылды. Мәселен, XMANF1 атты екі аяқты интеллектуалды робот кедір-бұдыр жерде де, еңісте де, баспалдақта да еркін қозғалады. Ол ас жеткізіп, жүкті тасып, бөлмені тазалауға қабілетті. Ал Magicbot Gen1 – өндіріс орындарына арналған әмбебап робот. Ол бірнеше машинаны қатар басқарып, күрделі тапсырмаларды орындай алады. Салмағы 67,5 келі болса, батареясы екі сағатқа дейін жетеді. Тағы бір жобада – UniX AI Wanda және Martian роботтары таныстырылды. «Wanda» үй шаруасын жүргізіп, тазалау, қауіпсіздікті бақылау, балалармен сөйлесу секілді істерді атқарады. Ал «Martian» – 23 буынды қозғалыс жүйесі бар, әлемдегі ең жетілдірілген тұрмыстық роботтардың бірі. Оған қоса шағын ғана, бірақ мықты Mini Hi роботы бар. Биіктігі небәрі 80 сантиметр болса да, 20 килограмм жүк көтереді. Бұл робот күрделі өндірістік ортада оңай қозғалып, кедергілерден жалтарып өте алады.
Көрме бұнымен шектелмейді. Жасанды интеллект негізінде жасалған шахматшы робот әр қадамды есептеп, қарсыласымен ойнайды. Ол тек шахмат емес, тоғызқұмалақ, дойбы секілді бірнеше ойынды меңгерген. Адам ЖИ ойнағысы келсе, кез келген деңгейді таңдай алады. Балалар үшін арнайы оқу бағдарламасы бар.
Тағы бір ерекше жаңалық – Horus ақылды каскасы. Бұл құрылғы құрылысшылар мен қауіпті аймақта жұмыс істейтіндерге арналып жасалған. Каскадағы камера нақты уақыт режимінде бейне түсіріп, орталыққа жіберіп тұрады. Осы арқылы қауіпсіздікті қадағалау әлдеқайда жеңілдеген.
Бейжіңнің Е-Town аймағы – роботтарды тек көрсету емес, оларды өмірге енгізудің орталығы. Жеткізу, сервис, білім беру, қауіпсіздік, өндіріс – барлығы үшін мұнда сынақ алаңы жасалған. Әрбір робот нақты бір міндетке бейімделгенімен, барлығы бір жүйе ішінде жұмыс істейді. Қызмет сапасы тұрақты, уақыт үнемді, ал қауіпсіздік талаптары қатаң сақталған.
Эйнштейн бейнесіндегі робот қонаққа ғылымнан сыр шертіп тұрса, аквариумда алтын түстес «айдаһар-балық» жүзеді, шахматшы робот қарсыласпен ойын ойнайды. Мұның бәрі болашақтың алыста емес, бүгінгі күннің өзінде жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Бұл – технологияның тек өндіріс емес, күнделікті өміріміздің де бір бөлшегіне айналып келе жатқанының айқын дәлелі.

