Жаңалықтар

Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы: Елімізге қытайлықтардың қызығушылығы жоғары

Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы: Елімізге қытайлықтардың қызығушылығы жоғары
Фото: Туризм жəне спорт министрлігі 22.01.2024 14:00 693

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен кездесіп, Қытайдағы Қазақстан туризмі жылын өткізу жоспарларын және туризм саласындағы өзара ынтымақтастық одан әрі дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Қытайға жасаған ресми сапары барысында 2024 жыл – Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы деп жарияланған болатын.

Ресми кездесу барысында Туризм және спорт министрлігі Қытайдың ірі қалаларында бірқатар маңызды іс-шараларды өткізу тұжырымдамасын ұсынды. Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылу салтанаты наурыз айының соңына жоспарланған. Барлығы 25-тен астам түрлі іс-шаралар өткізілмек.

Қытай Қазақстан үшін басым туристік нарық пен маңызды серіктестердің бірі саналады. Өйткені екі елдің географиялық орналасуы, Жібек жолы бойындағы тарихы терең байланысы барлық салада өзара ықпалдастыққа оң әсерін тигізеді. Бүгінгі таңда елдеріміз арасындағы туристік ағыны пандемияға дейінгі көрсеткішке қайта көтеріліп отыр, - деп атап өтті Ермек Маржықпаев

Мәселен, Қытай туристері былтыр Қазақстанға ең көп келген ТОП-5 елдің қатарына енді. Статистика деректері бойынша, былтырғы жылдың 9 айында Қазақстанда 75 мыңнан астам қытайлық туристке қызмет көрсетілген. Ал Қытайдан Қазақстанға келушілердің жалпы саны 200 мың адамнан асты.
Ведомство басшысы былтыр екі ел арасында визасыз режим енгізілгенін және биыл тікелей рейстер санын аптасына 30-ға дейін ұлғайту жоспарын ескере отырып, туристік ағынның одан әрі артуы мүмкін екенін атап өтті.

Сондай-ақ кездесу барысында тараптар туризм саласындағы маркетинг және инвестиция тартуды, елдердің туристік ұйымдары арасындағы өзара ынтымақтастықты күшейтуді, сондай-ақ тәжірибе алмасуды талқылады.

Жиын соңында Ермек Маржықпаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің туристік әкімшіліктері басшыларының алдағы кездесуіне қатысу үшін Сунь Ели мырзаны Қазақстанға шақырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға