Apple

Қытайда жаңа iPhone сатылымына тыйым салынды

Apple корпорациясы Қытайда жаңа iPhone Air моделін сатылымға шығара алмады. Бұл туралы South China Morning Post (SCMP) басылымы мәлім етті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

АҚШ компаниясы ультражіңішке iPhone Air-дың сатылымын кейінге шегеруге мәжбүр болды. Дегенмен, iPhone 17 сериясының қалған модельдері 19 қыркүйектен бастап Қытайда да, әлемнің басқа елдерінде де қолжетімді болады.

Мәселенің басты себебі - eSIM технологиясына байланысты жергілікті реттеуші органдардың рұқсатын алу қажет. iPhone Air дәстүрлі SIM-карта салатын тетіксіз жасалған, тек виртуалды eSIM қолданылады. Ал Қытайда мұндай құрылғыларды іске қосу үшін арнайы лицензия талап етіледі.

Бұған дейін Apple Қытайда тек China Unicom операторымен жұмыс істеп келген, ол eSIM қолдануға ресми рұқсат алған болатын. Алайда 2025 жылдан бастап компания China Mobile және China Telecom операторларымен де әріптестік орнатты. Бұл операторларда қажетті лицензия болмағандықтан, жаңа құрылғының сатылымы кейінге қалып отыр.

SCMP-тің жазуынша, eSIM әлемде қарқынды дамып келе жатқан технология. Соңғы екі жылда АҚШ-та сатылатын iPhone үлгілері тек eSIM жүйесімен шығарылып келеді. Алайда Қытайда әлі күнге дейін дәстүрлі SIM-карта қолданысы басым.

Сарапшылардың пікірінше, Apple нормативтік мәселелерді шешкен соң, iPhone Air Қытай нарығына шығарылады.