©Pixabay.com

Қытайда робот-дәрігерлер күніне 3 мың науқасты тексереді

Қытайда жасанды интеллектке негізделген алғашқы аурухана іске қосылды. Мұнда жетілдірілген робот-дәрігерлер жұмыс істеп, күн сайын мыңдаған науқасты тексеріп, емдей алады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жаңа жүйе науқастардың медициналық тарихын талдап, диагноз қояды және бақылау жүргізе алады. Жасанды интеллект медициналық карталарды өңдеп қана қоймай, диагностика жасап, тіпті қайталама қабылдауларды да белгілейді.

Бұл тәсілдің басты мақсаты – науқастардың кезек күту уақытын қысқарту, дәрігерлерді күрделі жағдайларға босату және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру.

Айта кетейік, бұған дейін Қытайдағы Цинхуа университетінің мамандары виртуалды медициналық аурухана жасап шығарған. Мұнда дәрігерлер, медбикелер және науқастар цифрлық түрде бейнеленген.

Цифрлық клиникада 14 дәрігер мен 4 медбике жұмыс істейді. Олар кеңес беруден бастап, операциядан кейінгі бақылауға дейінгі түрлі қызмет атқарады.

MedQA базасында жүргізілген сынақтарда виртуалды дәрігерлердің дәлдігі 93,06%-ға жеткен. Жүйе бірнеше күннің ішінде 10 мыңға дейін виртуалды науқасты «емдеуге» қауқарлы. Ал бұл көрсеткішке шынайы мамандар тек шамамен екі жылда ғана жете алады.

Бұған дейін жасанды интеллект 18 жыл бойы бала сүйе алмаған жұпқа көмектескені туралы жазғанбыз. Сонымен қатар Қытайда 13 мың долларға бала өсіретін робот құрастырылатыны анықталды.