Қытайдың Чунцин қаласына қарасты Ушань ауданының тұрғындары талай жыл бойы күнделікті тұрмыста қиындық көріп келді. Жер бедерінің күрделілігіне байланысты адамдар жұмысқа бару, туыстарын көру немесе дүкенге жету үшін бір сағаттан астам уақыт бойы биік баспалдақпен көтерілуге мәжбүр болатын.
Ал мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бұл бағыт мүлде қолжетімсіз болып, олар «оқшауланған» күйде өмір сүріп келген.
2026 жылдың ақпан айында бұл мәселенің шешімі табылды. Билік жалпы ұзындығы 905 метрді құрайтын «Ушань құдайы» атты эскалаторлар жүйесін іске қосты. Осылайша, Чунцин қаласы әлемдегі ең ұзын эскалатор жүйесінің біріне ие болды.
Жоба аясында күрделі инфрақұрылым салынды: жүйе 21 эскалатордан, 8 лифттен, 4 жылжымалы жолақтан, 2 жаяу жүргінші көпірінен және 2 аспалы өткелден тұрады. Енді тұрғындар мен туристер қаланың төменгі бөлігінен жоғары жағына небәрі 20 минут ішінде, ешқандай ауыр күш жұмсамай-ақ жете алады. Қызмет құны – 3 юань шамасында.
Инженерлер үшін бұл жоба оңай болған жоқ. Еңісте орналасқан аумақта құрылыс жүргізу, берік әрі қолайлы материалдарды таңдау, сондай-ақ ауа райының құбылмалы жағдайы мен халық тығыздығын ескеру үлкен еңбекті талап еткені сөзсіз. Айта кетейік, Чунцин – халқы 30 миллионнан асатын мегаполис.
Сонымен қатар жоба көлік мәселесін шешіп қана қоймай, қала көркін де сақтауға бағытталған. Эскалатор бойында арнайы бақылау алаңдары мен панорамалы платформалар орнатылып, шыны конструкциялар табиғи көріністі, соның ішінде әйгілі Үш шатқал мен таулы ландшафтты жаппайтындай етіп жасалған.
Бұл жүйе арқылы тұрғындар теңіз деңгейінен 242 метр биіктікке көтеріле алады, бұл шамамен 80 қабатты ғимараттың биіктігімен тең. Қазіргі уақытта жоба сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Сынақ кезеңі аяқталғаннан кейін билік жүйенің тиімділігін бағалап, қызметтің нақты бағасын бекітеді.

