Қытайда 400 оқушыны оқытқан мұғалім көз жұмды
Қытайдың Ухань қаласында ағылшын және математика пәндерінен онлайн сабақ берген 30 жастағы репетитор шамадан тыс жұмыс салдарынан қайтыс болды. Бұл туралы South China Morning Post жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Марқұм Ли есімді жас мұғалім ұзақ уақыт бойы демалыссыз жұмыс істеп, бір мезетте 400 оқушыны оқытқан. Ол ата-аналардың үздіксіз хабарламаларына жауап беріп, күн сайын алты сағаттан астам қосымша жұмыс жасаған.
22 сәуір күні Ли кеңседе түнге дейін қалып, келесі күні таңертең оның денесін тазалықшы тауып алған. Дәрігерлер оның жүрек талмасынан көз жұмғанын мәлімдеді. Бұл қайғылы жағдай оның үйлену тойына небәрі бірнеше күн қалғанда болған. Ли 2 мамырда отбасын құруы керек еді.
Лидің туыстары мен жақындары оның өлімін шамадан тыс жүктемемен байланыстырып отыр. Бұрынғы әріптестерінің айтуынша, компанияда қызметкерлерге тіпті дәретхана мен ас ішу уақытын алдын ала келісу талап етілген. Бұрын сол жерде жұмыс істеген Ван есімді қызметкер ұзақ жұмыс уақыты психикалық денсаулығына кері әсер еткенін, ақырында жұмыстан кеткенін айтты.
Бұл оқиға Қытайдағы әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Желі қолданушылары арасында бұл мәселеге қатысты іздеу саны 70 миллионға жеткен.

