Ng Han Guan / Associated Press

Қытай үлкен қаланың аумағына шамалас күн электр станциясын салып жатыр

Тибет жазығында әлемдегі ең ірі күн электр станциясы салынып жатыр. Оның аумағы 610 шаршы шақырымға тең, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жобаның екіден үш бөлігі аяқталды, жалпы саны 7 миллионнан астам панель орнатылады. Іске қосылған соң, станция 5 миллион отбасының энергия қажеттілігін қамтамасыз ете алады.

Шөлейт аймақтың жандануы

Бұл ауқымды жоба өңірдің экожүйесін айтарлықтай өзгертті. Күн панельдері желден қорғайтын тосқауыл қызметін атқарып, шаң мен құмның көшуін азайтады, топырақтағы ылғалдың булануын баяулатады, сонымен қатар өсімдіктің қайта қалпына келуіне қолайлы жағдай жасайды.

Ұлттық стратегияның бір бөлігі

Тибеттегі күн электр станциясы – Қытайдың 2030 жылға қарай күн және жел энергетикасынан 1200 ГВт қуат алу жоспарының бөлігі. Ал 2060 жылға дейін ел электр энергиясының 80 пайызын жаңартылатын көздерден өндіруді көздеп отыр.

Бұл жалғыз ірі жоба емес. 2024 жылы Шыңжаңда қуаты 3,5 ГВт болатын күн станциясы іске қосылды. Оның жылдық өнімділігі 6,09 млрд кВт/сағ, бұл 3 миллион үйді жарықпен қамтамасыз етуге жетеді. Жоба жылына 6,07 млн тоннаға дейін көмірқышқыл газын азайтуға мүмкіндік береді. Инвестиция көлемі 2,13 млрд доллардан асты.

Көмірге тәуелділік және күн энергиясының қарқынды дамуы

Сөйте тұра Қытай әлі де көмірге тәуелді. Әлемдік тұтынудың жартысынан астамы – яғни 4,3 млрд тоннасы осы елдің үлесінде. Соған қарамастан, күн энергетикасында да серпін байқалады: 2025 жылдың алғашқы жартысында елде жалпы қуаты 212 ГВт болатын күн станциялары пайдалануға берілді.