Қытай техникалық мамандарға арналған жаңа визаны іске қосты
ҚХР Мемлекеттік кеңесі бұрын жариялаған «K» санатындағы арнайы виза бағдарламасын іске қосты. Оның басты мақсаты – жаратылыстану ғылымдары, технология, инженерия және математика (STEM) салаларындағы мамандарды Қытайға тарту, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қытай СІМ өкілі Го Дзякунның айтуынша, «жаңа визалық режим қытайлық және шетелдік жас мамандар арасындағы ғылыми-техникалық саладағы алмасулар мен ынтымақтастықты жеңілдетуге бағытталған» (People’s Daily).
«K» визасы кімдерге арналған?
Бұл виза STEM бағытындағы жас шетелдік мамандар мен жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған. Оның иелері Қытайға еркін кіріп-шыға алады, елде тұрып, ресми түрде еңбек ете алады. Ең бастысы – жұмыс берушіден ресми шақырудың болмауы Қытайға кіруге кедергі болмайды.
Бағдарлама қазірдің өзінде сарапшылар мен талдаушылар арасында қызу талқылануда. Әсіресе ҚХР бастамасы мен АҚШ экс-президенті Дональд Трамптың жақында енгізген шешімі салыстырылып жатыр.
Еске сала кетсек, АҚШ-та IT-компанияларда кеңінен қолданылатын жоғары білікті шетелдік мамандарға арналған H-1B визасын рәсімдеу үшін $100 000 төлем енгізілген еді.
Сарапшылар пікірі
Шэньчжэньдегі әлеуметтік бағыттағы жасанды интеллект және робототехника институтының іске асырылған AI орталығының директоры Лю Шаошань былай дейді:
Қытай STEM саласындағы шетелдік мамандардан жұмыс ұсынысын немесе жергілікті жұмыс берушіден шақыру талап етпейді. Басты критерий – жас ерекшелігі мен ғылыми немесе зерттеу тәжірибесі. Сондықтан Қытайға келіп, еңбек ету мүмкіндіктерін зерттеп, өз бизнесін бастағысы келетін жас ғалымдар мен инженерлерге виза алу әлдеқайда жеңілдейді.
Қазақстандық студенттерге әсері
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің деректерінше, Қытай – қазақстандық студенттердің саны бойынша әлемде екінші орында. 2024 жылдың қазан айындағы CGTN мәліметіне сәйкес, Қытайда 15 мыңнан астам жас қазақстандық білім алып жатыр.
Жаңа бағдарлама Қытайдың жоғары білім алу бағытындағы тартымдылығын арттыра түсуі мүмкін. Шақырусыз келу мүмкіндігі студенттерге тағылымдамадан өтуге, стартаптарға қатысуға және ғылыми жобаларға араласуға жол ашады. Дегенмен, дарынды түлектердің бір бөлігі шетелде қалып қоюы да ықтимал. Бұл Қазақстан үшін мамандар тапшылығы қаупін тудырады. Алайда халықаралық тәжірибені отандық мансаппен ұштастырғысы келетін жастар үшін елге оралып, өз бизнесін дамытуға мүмкіндік сақталады.
Белгісіз тұстары
«K» визасының толық шарттары – оның қолданылу мерзімі, ұзарту мүмкіндігі және талаптар тізімі – әзірге нақты жарияланған жоқ. Соған қарамастан, бұл бастама Қытайдың халықаралық таланттар нарығындағы орнын нығайтуға және жас мамандарды ғылыми-техникалық салаға тартуға бағытталған қадам ретінде бағалануда.

