Бейжіңнің мемлекеттік қызмет көрсету орталығында халыққа бағытталған жүйенің заманауи үлгісі қалыптасқан. Мұнда тұрғын да, кәсіпкер де барлық құжаттық істерін бір жерден шешіп, уақытын үнемдейді, деп хабарлайды El.kz интернет порталының тілшісі Бейжіңнен.
Бейжіңнің дәл жүрегінде орналасқан Қалалық мемлекеттік қызмет көрсету орталығы Қытайдың заманауи басқару жүйесінің нақты көрінісі деуге болады. Мұнда мемлекет пен азамат арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтерілген. Үкімет пен халықтың арасын жақындату – басты ұстаным. Бұл орталыққа кірген сәттен бастап, Қытайдың мемлекеттік қызмет жүйесіндегі мәдениеттілік пен жүйелілік бірден сезіледі.
Ғимараттың архитектурасы да символдық мәнге ие. Ол «адам» иероглифі пішінінде салынған, яғни басты назар – халықта дегенді білдіреді. «Бейжің қызметі» логотипі де бекер таңдалмаған: ол софора ағашын еске салады. Бұл бейне – байланыс пен өзара түсіністіктің, халыққа бағытталған жылудың символы. Мұндай ұсақ детальдың өзі Қытайдың мемлекеттік жүйесінде идея мен пішіннің үндестігіне қаншалық мән беретінін көрсетеді.
Ғимараттың алғашқы үш қабаты – тұрғындар мен кәсіпорындарға арналған негізгі қызмет кеңістігі. Мұнда азаматтар тұрғылықты жерін тіркеуден бастап, әлеуметтік сақтандыру, кәсіп ашу, лицензия рәсімдеу сияқты түрлі мәселені бір жерден шеше алады. Ал төртінші және бесінші қабатта «12345» деп аталатын азаматтық байланыс орталығы жұмыс істейді. Бұл – халықтың өтініші мен ұсынысын тікелей қабылдайтын, билік пен тұрғындардың арасындағы «жүрек көпірі» іспетті байланыс алаңы.
Бейжіңде мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі төрт деңгейлі етіп ұйымдастырылған. Қалалық деңгей – жетекші, аудандық деңгей – негізгі, көше мен ауыл деңгейлері – базалық және кеңейтілген бағыттар. Қазір қала бойынша төрт жүзден астам қызмет көрсету орталығы, жеті мыңнан аса ауылдық және қауымдық пункт бар. Мұның бәрі қызметті халыққа барынша жақындату мақсатында жасалған. Ең бастысы – «бір терезе» қағидаты енгізілген. Бұрын бірнеше мекемеге барып, апта бойы күтетін рәсімдер қазір бір күн ішінде аяқталады.
Онлайн және офлайн қызмет түрлері өзара байланысты. «Астаналық терезе» деп аталатын интернет-портал арқылы тұрғындар мен кәсіпорындар қызметтердің басым бөлігін онлайн ала алады. Бұл жүйе «деректер көп жүгіреді, адамдар аз жүгіреді» қағидатының нақты көрінісі. Яғни, бюрократиялық ауыртпалық азайған. Қалалық жүйеде 70-тен астам ведомство мен 16 ауданның барлық қызметтері біріктірілген.
Қытайдың мемлекеттік қызмет жүйесі үздіксіз жаңарып келеді. Мәселен, кәсіпкерлер үшін арнайы «e窗通» (E-Chuangtong) платформасы ашылған. Бұл – бизнес ашу процесін интернет-дүкеннен тауар сатып алу секілді жеңілдеткен жүйе. Бұрын кәсіп ашу үшін бірнеше мекемеге бару керек болса, қазір бір өтініс арқылы барлық құжат электронды түрде рәсімделеді. Бейжіңде 2019 жылдан бері іске асқан бұл жүйе қалада «электронды кәсіпкерлік дәуірінің» басталуына себеп болды. Бір платформа, бір өтініс, бір қабылдау – міне, жаңа үлгі осылай жұмыс істейді.
Бүгінде Бейжіңнің іскерлік ортаны жетілдіру тәжірибесі халықаралық деңгейде мойындалды. 2024 жылы Дүниежүзілік банк жариялаған «Business Enabling Environment» есебінде қала «цифрлық мемлекеттік қызмет» көрсеткіші бойынша әлемде жетінші орынға шыққан. Банктің сарапшылары Бейжіңнің бірыңғай деректер платформасы арқылы 8,2 миллиард жазбаны біріктіріп, 52 миллион қағаз құжатты жоюдың арқасында бизнес жүргізу шығынын айтарлықтай азайтқанын атап өтті.
Бейжіңнің бұл тиімді жүйесінің артында үш басты фактор бар. Біріншіден, жоғары деңгейдегі үйлестіру механизмі жұмыс істейді – қалалық басшылардың арнайы тобы 26 ведомство арасындағы деректер тосқауылын жойған. Екіншіден, техникалық база нығайтылған – қызметтерді цифрландыру үшін миллиардтаған дерек біріктіріліп, қағаз айналымы азайған. Үшіншіден, қызметкерлерге арналған бірыңғай оқыту жүйесі енгізіліп, саясатты іске асырудағы қателік деңгейі небәрі 0,3 пайызға дейін төмендеген.
Мұның бәрі Қытайдың мемлекеттік қызметін жай ғана бюрократиялық аппарат емес, нақты халықтық жүйеге айналдырғанын көрсетеді. Әрбір қызметкер өз жұмысын «жапырақ залы» идеясымен, яғни «әрбір ұсақ істің артында халықтың қамы бар» деген түсінікпен атқарады.
Қалада мәдениет пен технология да үйлесім тапқан. Орталықтың үшінші қабатында орналасқан «Ең әдемі көкжиек» атты мәдени қабырға – Бейжіңнің мыңжылдық тарихы мен қазіргі заманғы келбетін біріктіретін символ. Мұнда Ұлы Қытай қорғаны мен Яншань таулары бейнеленген, ал қасында – заманауи технология орталығы Чжунгуаньцуньның көрінісі. Бұл қабырға Бейжіңнің көне рухы мен заманауи тынысын қатар танытады.
Шетелдік мамандар үшін де қолайлы жағдай жасалған. Арнайы халықаралық қызмет көрсету аймағында жұмысқа рұқсат, виза, тұруға рұқсат секілді барлық көші-қон құжаттары бір терезеден беріледі. 2025 жылы Бейжіңде шетелдік кадрлар мен халықаралық ұйымдардың мамандарына арналған арнайы қызмет пакеті қабылданды. Ол виза рәсімінен бастап, медициналық көмек, оқу, жұмыспен қамту мен тұрмысқа бейімделуге дейінгі барлық саланы қамтиды.
Кәсіпкерлер үшін де тиімді мүмкіндік мол. Қаржы орталығында 22 банк пен 178-ден астам қаржы өнімі қолжетімді. Мемлекет шағын және орта бизнеске пайыздық мөлшерлемелер бойынша субсидия ұсынып, несиелердің қолжетімділігін арттырған.
Бейжің қалалық қызмет көрсету орталығы бүгінде Қытайдың заманауи басқару мәдениетінің бет-бейнесіне айналды. Бұл орталық – цифрлық технология, халыққа бағытталған саясат және тиімді әкімшілік мәдениеттің тоғысы. Мұнда басты ұстаным айқын: халық үшін жұмыс істеу, уақытты үнемдеу және әр өтінішті құрметпен қарау.
Қытайдың «Халық бәрінен жоғары, қызмет – барынша мұқият» қағидаты осы орталықтың әр бөлшегінде көрініс тапқан.

