Жаңалықтар

Қытай Қазақстаннан термиялық өңделген ет өнімдерін әкелуге шектеулерді алып тастауға дайын

Қытай Қазақстаннан термиялық өңделген ет өнімдерін әкелуге шектеулерді алып тастауға дайын
Фото: Сауда және интеграция министрлігі 09.11.2023 00:32 1029

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Бейжіңдегі ҚХР Бас кеден басқармасы басшысының орынбасары Сунь Юйнинмен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Тараптар мал және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің экспорттық тауарларының номенклатурасын кеңейту мәселелерін талқылады.

Арман Шаққалиев өз сөзінде бірқатар тауарлар бойынша қытайлық компаниялар мен ҚХР-ға экспорттауды жоспарлап отырған біздің кәсіпкерлер тарапынан жоғары сұраныс бар екенін атап өтті.

Біз Қазақстанда бірнеше рет болған көптеген қытайлық компаниялармен кездесулер өткіздік, Олар сиыр еті, қой еті, тауық және субөнімдер сатып алуға дайын. Инвестициялық ынтымақтастық бойынша келіссөздер жүргізілуде, ірі қытайлық компаниялар қытай нарығына одан әрі экспорттау мақсатында қазақстанның ет өндірісі үшін орасан зор қаражат салуға дайын. Бірақ қажетті жағдай жасау үшін қолда бар шектеулерді алып тастап, ет өнімдерін экспорттауды қайта бастау қажет, - деді Арман Шаққалиев.

Айта кету керек, ҚХР Бас кеден басқармасы елімізге аусыл және құс тұмауы ауруларын бақылау бойынша Қазақстанның ветеринарлық қызметін бағалау үшін баруға дайын.

Біз сондай-ақ салқындатылған ет өнімдерінің, термиялық өңделген ет өнімдерінің, құстың еті мен субөнімдерінің, тағамдық жұмыртқалардың, жылқы етінің және басқа да тауар түрлерінің экспортына қойылатын талаптарды келісу бойынша жұмысты бастауға дайынбыз, - деді кездесу барысында Қазақстан Сауда министрлігінің басшысы.

Келіссөздер барысында өзара саудадағы кедергілерді жою бойынша келісімге қол жеткізілді. ҚХР Бас кеден басқармасы Қазақстаннан термиялық өңделген ет өнімдерін жеткізуге қойылған шектеулерді алып тастауға дайын екенін білдірді.

ҚХР нарығында қазақстандық түйе сүті үлкен сұранысқа ие. Қытайлық тұтынушы бұл өнімнің дәмі мен сапасын біледі. Қазақстанның бие сүтін экспорттау бойынша үлкен әлеуеті бар. Алайда ҚХР-да осы өнімді нарыққа жеткізу үшін тиісті ұлттық стандарт әзірлеу қажет, бұл туралы келіссөздер барысында да айтылды.

Экспорттың тағы бір маңызды бағыты - өсімдік шаруашылығы өнімдері. Қазақстан Қытайға сүйектіжеміс дақылдарын (шабдалы, өрік, шие) жіберуге дайын. Бұршақ және жасымық бойынша әлеуетті экспорттаушылардың тізімі жасалды.

Біз сұлы үлпегі, қызылша целлюлозасы мен картоп, жарма, күнбағыс тұқымының шроты, мақсары бойынша экспортты арттыруға дайынбыз, - деді Арман Шаққалиев.

Кездесу қорытындысы бойынша ағымдағы жылы Қазақстанның ветеринарлық қызметін бағалау үшін қытай делегациясының сапары туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, бұл үшін жақын арада сапар бағдарламасы келісіледі. Сапар қорытындысы бойынша Қытай тарапы шектеуді алып тастап, мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын талқылауға көшуге дайын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға