©El.kz/Артем Чурсинов

Қытай, Германия: Қазақстанға қай елдерден туристер көп келген

Қазақстанға шетелден келетін туристер саны жылдан-жылға артып келеді. Туризм және спорт министрлігі 2025 жылы елімізге қай елдерден туристер көбірек келгенін және олардың қай өңірлерге жиі барғанын жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Қазақстанға туристік мақсатта 12,1 миллион шетел азаматы келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 730 мың адамға көп.

Олардың 8,6 миллионы елімізде бір тәуліктен артық уақыт болған, яғни ресми түрде шетелдік туристер санатына кіреді.

Осы аралықта қонақүйлер мен өзге де орналастыру орындарының қызметін 1 миллионға жуық шетелдік пайдаланған. Ішкі туризм де қарқын алып келеді: аталған кезеңде 6,7 миллион қазақстандық қонақүйлер мен қонақ үйлерге тоқтаған.

Туристер ең көп келген елдер

ҰҚК Шекара қызметінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың тоғыз айында Қазақстанға кірген шетел азаматтарының саны 12,1 миллионнан асты. Әсіресе ТМД елдерінен тыс мемлекеттерден келетін туристер қатары айтарлықтай көбейген.

Елімізге ең көп турист жіберген топ-5 ел:

Қытай

Қазақстанға 693 мыңнан астам ҚХР азаматы келген. Бұл көрсеткіш 42 пайызға артқан. Сарапшылар мұны визасыз режимнің енгізілуі, тікелей әуе рейстерінің көбеюі және Қазақстанның Қытай туристік нарығында белсенді насихатталуымен байланыстырады.

Үндістан

Қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанға 113 мыңға жуық үндістандық турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 7 мың адамға көп.

Түркия

Елімізге 103 мыңнан астам түркиялық турист сапарлаған. Туристік ағынға тұрақты әуе рейстері, сондай-ақ іскерлік және мәдени байланыстар оң әсерін тигізіп отыр.

Германия

Тоғыз айда Қазақстанға 81 мыңнан астам Германия азаматы келген. Неміс туристерін еліміздің табиғаты, этнотуризм бағыттары және тарихи-мәдени нысандар қызықтырады.

Оңтүстік Корея

Бұл елден келген туристер саны 25 пайыз өсіп, 41,3 мың адамнан асты. Бұған визасыз режим, тікелей әуе қатынасы және Қазақстанның табиғаты мен ұлттық асханасына деген қызығушылық себеп болған.

Шетелдіктер ең көп баратын өңірлер

Шетелдік туристер көбіне мына бағыттарды таңдайды:

  • Алматы қаласы мен Алматы облысы;
  • Астана қаласы мен Ақмола облысы;
  • Маңғыстау облысы;
  • Түркістан облысы;
  • Шығыс Қазақстан облысы.

eQonaq ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, шетел қонақтары көбіне ірі қалалар мен инфрақұрылымы дамыған өңірлерде тоқтаған.

Ең танымал өңірлер қатарында:

  • Алматы;
  • Астана;
  • Атырау облысы;
  • Алматы облысы;
  • Солтүстік Қазақстан облысы;
  • Қостанай облысы;
  • Маңғыстау облысы бар.