©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Қытай ғалымдары жауын-шашын мөлшерін арттыруды үйренді

Қытай ғалымдары Тянь-Шань тауы етегінде дрондар көмегімен жаңбыр шақыру экспериментін сәтті өткізді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қытай ғалымдары Шыңжаңдағы (елдің солтүстік-батысындағы автономиялық аймақ) ауа райын өзгертуге бағытталған тәжірибенің нәтижелерін бөлісті. Дрондарды пайдалану арқылы олар 8 мың шаршы шақырымнан астам аумақта жауын-шашын көлемін 4,3%-ға арттыра алған.

Қалай жүзеге асырылды?

Зерттеушілер биіктігі 5 мың метрден асатын деңгейге екі түрлі ұшқышсыз аппаратты (дрон) көтеріп, олардың бортына күміс йодиді бар арнайы қоспа орнатты. Әр брусоктың салмағы – 125 г, ал жалпы 997 г химиялық зат қолданылды. Ұнтақ Баянбұлақ жайылымдарының үстінде, Тянь-Шань тауы етегінде шашылды. Йодид бөлшектері секундына 0,28 г жылдамдықпен ауаға таралды.

Эксперимент нәтижесінде қосымша 68 млн литрден астам жауын-шашын түсті. Бұл шамамен тереңдігі 1,9 м болатын 30 олимпиадалық бассейнді толтыруға жетеді.

Зерттеу қалай тексерілді?

Тәжірибені Қытайдың Метеорология басқармасына қарасты Бұлттар физикасы және ауа райын өзгерту зертханасы жүргізді. Нәтижелер қытайлық Desert and Oasis Meteorology журналында жарияланды.

Нәтижелерді бағалау үшін үш әдіс қолданылды:

Жауын тамшыларын өлшеу: күміс йодиді шашылғаннан кейін тамшы көлемі 0,46 мм-ден 3,22 мм-ге дейін ұлғайғаны анықталды. Спутниктік суреттер бұлттардың төбесі 10 °C-қа салқындап, шамамен 2,8 км биіктегенін көрсетті.

Климаттық деректерді талдау: соңғы 50 жылдағы мәліметтерге сүйене отырып, жауын-шашын көлемінің шамамен 78,2 мың текше метрге (3,8%) артуы тиіс екені есептелді.

Модельдеу: компьютерлік болжам қосымша 73,8 мың куб м (4,3%) жауын-шашын түсетінін көрсетті. Бұл көрсеткіш тәжірибеде алынған нәтижемен толық сәйкес келді.

Қосымша мәлімет

Осындай тәжірибелер бұған дейін Қытайдың басқа өңірлерінде – Гуйчжоу, Шанхай, Ганьсу және Сычуаньда да жүргізілген.