Қытай ғалымдары қартаюға төзімді жасушалар жасап шығарды
Мөлдір Қайнар тілші
Қытай ғылым академиясының зерттеушілері қартаюға төзімді мезенхималық прогениторлық жасушаларды (SRC) жасап шығарып, олардың макакалардағы қартаю белгілерін жоятын қабілетін дәлелдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Зерттеу нәтижелері Cell ғылыми журналында жарияланған.
Жас ұлғайған сайын ағзадағы жасушалардың жаңару механизмі баяулайды: жаңа жасушалар кеш пайда болып, ескілері уақытылы жойылмайды. Бұл ағзалардың қызметі төмендеуіне, қабыну процестеріне, зат алмасу бұзылыстарына және қартаюдың өзге де белгілеріне әкеледі.
Ғалымдардың айтуынша, SRC жасушалары бұл үдерістерге араласып, қартаюды баяулата алады. Эксперимент барысында 60–70 жастағы адам жасына сәйкес келетін егде макакаларға 44 апта бойы әр екі апта сайын SRC жасушалары енгізілді. Тәжірибе нәтижесінде жануарларда ешқандай жағымсыз әсерлер анықталмады: дене қызуы көтерілмеді, қабыну немесе салмақ жоғалту байқалмады.
SRC жасушаларының әсері 10 түрлі ағза жүйесіне және 61 тін түріне оң ықпал еткені дәлелденді. Атап айтқанда, остеопороз, фиброз белгілері азайды, қабыну деңгейі төмендеді, жады жақсарды. Сонымен қатар, макакаларда репродуктивтік функция қалпына келіп, сперматозоидтар өндіру белсенділігі артты. Клеткалық деңгейде ДНҚ беріктігі нығайып, тотығу стресі азайған және ақуыздардың қызметі қалпына келген.
SRC жасушаларының әсер ету механизмі экзосомдар — ақуыздар мен РНҚ молекулаларын қамтитын микроскопиялық капсулалар — арқылы жүзеге асады. Бұл капсулалар жасушаларға қабынуды басатын және қалпына келу үдерістерін ынталандыратын сигналдар береді.
Ғалымдар терапияның қауіпсіздігін де растады: тәжірибеге қатысқан ешбір маймылда ісік пайда болмаған. Зерттеу авторларының пікірінше, егер бұл технология адамдарға бейімделсе, ол қартаюмен байланысты аурулардың дамуын баяулатып, егде жастағы өмір сапасын жақсартуға және тіпті репродуктивтік функцияны қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

