Соңғы жылдары Қазақстанның автокөлік нарығында қытай брендтерінің үлесі айтарлықтай өсті. Сарапшылардың айтуынша, мұндай үрдіс баға мен жабдықталу деңгейінің тиімділігіне байланысты. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың пікірінше, елде құрастырылатын қытай маркалары кей жағдайда ресейлік көліктерден де ұтымды болып отыр.
Қытай брендтері нарықтағы үлесін арттырды
Қазақстанда соңғы жылдары Қытайдан келген автокөліктер кең таралып, автосектордағы басты тақырыптардың біріне айналды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, қытай брендтерінің үлесі шамамен 39 пайызға жеткен. Бұл – жаңа көліктер сатылымының жартысына жуығы деген сөз.
Мамандар мұны бірнеше факторымен түсіндіреді. Біріншіден, қытай көліктерінің бағасы салыстырмалы түрде қолжетімді. Екіншіден, тіпті бастапқы нұсқаларының өзі заманауи функциялармен толық жабдықталады. Сонымен қатар нарықта түрлі санаттағы модельдер көп болғандықтан, сатып алушы өз талғамына қарай таңдау жасай алады.
Қазіргі таңда Қазақстанда Chery, Haval, Geely, Changan, Jetour сияқты брендтерге сұраныс жоғары. Қазақстанның автокөлік одағының дерегіне сүйенсек, бұл маркалар елдегі ең көп сатылатын көліктердің алғашқы ондығына енген.
Дегенмен қытай автокөліктерінің сапасы жөніндегі пікірлер әртүрлі. Кейбір жүргізушілер бірнеше жыл пайдаланғаннан кейін бірқатар техникалық ақаулар пайда болатынын айтады. Олардың айтуынша, 2-3 жылдан соң кейбір модельдерде аспа бөлшектері, электронды жүйелер немесе салон қаптамасы жиі жөндеуді қажет етуі мүмкін.
Сондай-ақ экобылғары материалдарының тез тозуы немесе бастапқыда көз тартқан мультимедиа жүйелерінің істен шығуы сияқты мәселелер де аталады. Соған қарамастан, нарықтағы сұраныс төмендеген жоқ.
Қытай көліктері кей жағдайда тиімдірек
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев үкіметтегі брифингте Қазақстанда автокөлік таңдауы жеткілікті екенін айтты. Оның сөзінше, елде құрастырылатын қытай брендтері кей жағдайда бағасы, функционалды мүмкіндіктері және интерьер сапасы бойынша ресейлік автокөліктерден басымырақ.
Министр мысал ретінде Ресейдің автопромына жататын Lada немесе «Нива» модельдерін атады. Оның айтуынша, соңғы кезде қазақстандықтар елімізде құрастырылатын көліктерге көбірек көңіл бөле бастаған.
Қазір Қазақстан Ресейден келетін автокөліктерге арналған утилизациялық алым мөлшерін қайта қарауды жоспарлап отыр. Бұл төлем Ресейде 2025 жылдың 1 желтоқсанынан бастап енгізілген деңгейге теңестірілуі мүмкін.
Министрдің айтуынша, Қазақстан бұл шешім арқылы Ресейдегі саясатты қайталап отырған жоқ, тек сол елдегі өзгерістерге жауап ретінде әрекет етуде. Себебі Ресейде қазақстандық автокөліктерге арналған утилизациялық алым бірнеше есе өсіп, 2029-2030 жылдарға дейін кезең-кезеңімен артатын жүйе енгізілген.
Қазіргі таңда Қазақстан автонарығында ресейлік импорттың үлесі шамамен 3,7 пайыз ғана. Министрдің сөзінше, нарықтық тетіктер қалыпты жұмыс істеп тұрғандықтан, автокөлік бағасының күрт қымбаттауы күтілмейді.

