e-history.kz

Қытай архивтерінде қазақ тарихы туралы не жазылған?

14.07.2025 16:47

Ғалым, тарих ғылымдарының докторы Дүйсенәлі Әбділәшімұлы e-history.kz-ке берген эксклюзив сұхбат берді. Ғалым қытай архивтеріндегі қазақ тарихына қатысты ашылмаған деректер туралы айтып берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Дүйсенәлі Әбділәшімұлы Жапониядағы Токио шетел тілдері университеті Азия және Африка тілдері мен мәдениетін зерттеу институтының визитинг-порфессоры болып қызмет атқарады. Ғалымның айтуынша, қазақтың мұрағат құжаттарына тарихи деректану ғылымы тұрғысынан арнаулы зерттеу жүргізу – таяу заманғы қазақ тарихын, мәдениетін, сондай-ақ жазба әдеби тілінің болмысын анықтау болмақ.

– «Мен Құдайға, сосын архивке сенемін» деген Бауыржан Момышұлының сөзі бар. Бұл – дұрыс айтылым. Десек те қазақтар туралы жазылған қытайлық мұрағат деректерінің ақиқат шындығы қандай деңгейде деп білесіз. Оқиғаға, тұлғаға қатысты империялық астамшылдық ауқымында жазылған тұстары жоқ па?

– Бізше алдымен қазақтар туралы жазылған қытай мұрағат көздерін, әсіресе мәнжу тілді деректерді аударып, түбегейлі зерттеп, олардың ақиқат шындығын анықтауымыз керек. Содан кейін барып мынау пайдалы, ал мынаның қажеті шамалы деп кесіп айтуға болады. Бұндай іргелі ғылыми зерттеу жұмысы жасалмай тұрып, сырттай тон пішіп, пәтуа айтудың қажеті жоқ деуге болады. Өз тарихыңды өзің жазып қалдырмағаннан кейін, басқалардың жазып-сызғанына жүгінесің, ал олардың барлығы өз ойыңдай тарихи пайымдау бола беруі екіталай.

– Қытай деректері негізінде қазақ тарихын зерттеп жүрген ғалымдардың, қытайтанушылардың арасында тарихты бұра тартатын жағдайлар кездесе ме?

– Жоғарыда айтқандай, қытай жазба деректерінен пайдаланып қазақ тарихын зерттеп жүрген отандық ғалымдардың немесе қытайтанушылардың қатары аз, «қытайтану мектебі» әлі толық қалыптаса қойған жоқ, содан да болар кейде зерттеу нәтижелеріміз саны жағынан да сапасы жағынан да ұтылып қалып жатады. Ал кәсіби зерттеуші-маман немесе қытайтанушылардың арасында «тарихты бұра тартатын» жағдайлар негізінен кездеспейді деуге болады.

– Қытай архивтерінде қазақ тарихына қатысты ашылмаған дерек әлі көп пе?

– Бұны архив құжаттарының қай тілде жазылғанымен ұштастырып айтуға тура келеді. Яғни XVIII-XIX ғасырларға тән қытай архив деректерінде бізге қатысты мынадай 4 тілдегі мұрағат құжаттары кездеседі. Бұның бірі, ескі қазақ жазба тіліндегі хаттар, жоғарыда айтқанымыздай бұл түрдегі төл жазба мұраларымыз толық зерттеліп, баспадан шықты. Енді бірі, ойрат тіліндегі хаттар, бұлардың кейбіреуіне зерттеу жасалғанымен, көп сандысы әлі толық ғылыми айналымға түсе қойған жоқ, қытай ғалымдары тарапынан зерттеліп жатқаны айтылады. Онан соң қытай тілді деректер, бұған қатысты зерттеулер болғанымен, кешенді жасалды деп айту қазірше ерте. Соңғысы – мәнжу тіліндегі архив құжаттары, олар – қазақ тарихы үшін аса қажетті құжаттар шоғыры, саны да мол. Өкінішке қарай бұл саладағы зерттеулердің де аяқ-алысы тым баяу.