Қыста D дәруменін қабылдау тұмаудан қалай қорғайды
Жаңа зерттеу нәтижелері қыс айларында D дәруменін тұрақты қабылдау тұмау және өзге де тыныс жолдарының жұқпалы ауруларынан қорғануға көмектесуі мүмкін екенін көрсетті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бір қарағанда, бұл бәріне белгілі ақиқат секілді. Алайда ғалымдар бұл пайымды нақты деректермен дәлелдеді.
Британиялық зерттеушілердің анықтауынша, ағзасында D дәрумені жетіспейтін адамдар тыныс жолы инфекцияларын жиі жұқтырады, тіпті ауруханаға да 33 пайыз жиі түседі. Ал дәрумен деңгейі қалыпты адамдарда мұндай қауіп едәуір төмен.
Зерттеу нені көрсетті?
Зерттеу қорытындылары American Journal of Clinical Nutrition ғылыми журналында жарияланған. Авторлардың айтуынша, халық арасында D дәруменінің жеткілікті деңгейін сақтау респираторлық аурулардан болатын ауруханаға жатқызу көрсеткішін айтарлықтай азайтуы мүмкін.
Ғалымдар әсіресе D дәрумені тапшылығына бейім топтарға, жасы үлкен адамдарға және терісі қара түсті жандарға ерекше көңіл бөлу қажет екенін ескертеді.
D дәрумені не үшін маңызды?
Көпшілікке «күн дәрумені» ретінде таныс D дәрумені ағзадағы кальций мен фосфор деңгейін реттеуге көмектеседі. Ол сүйек, тіс және бұлшықет саулығы үшін ғана емес, иммундық жүйенің дұрыс жұмыс істеуінде де маңызды рөл атқарады.
Бұл дәрумен жетіспеген жағдайда сүйек аурулары (остеомаляция) ғана емес, сонымен қатар тұмау, бронхит, пневмония сияқты ауыр инфекциялардың даму қаупі де артады.
Осы тақырыптағы ең ауқымды зерттеулердің бірі Суррей университетінің ғалымдары тарапынан жүргізілген. Олар UK Biobank деректеріне сүйене отырып, 36 мыңнан астам ересек адамның мәліметін талдаған.
Зерттеу барысында қандағы D дәруменінің деңгейі мен тыныс жолы инфекцияларымен ауруханаға жатқызу арасындағы байланыс қарастырылған.
Нәтижелер мынадай болды:
D дәруменінің ауыр тапшылығы бар адамдарда (15 нмоль/л-ден төмен) ауруханаға түсу қаупі 33%-ға жоғары;
дәрумен деңгейі 75 нмоль/л және одан жоғары болған жағдайда қауіп айтарлықтай төмендеген;
қандағы D дәрумені әр 10 нмоль/л-ге артқан сайын, ауруханаға жатқызу қаупі 4%-ға азайған.
Финалдық талдауға енген 28 мыңға жуық адамның 2 200-ден астамы тыныс жолы инфекцияларымен ауруханаға түскен.
Қауіп тобына кімдер жатады?
Ауыр инфекцияларға шалдығу қаупі әсіресе егде жастағы адамдарда жоғары. Пневмония мен бронхит 50 жастан асқандар арасында өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі саналса, 75 жастан кейін ең жиі кездесетін он себептің қатарына кіреді.
Зерттеудің жетекші авторы, нутрициялық иммунология маманы Эби Бурнауттың айтуынша, D дәрумені сүйек пен бұлшықет үшін ғана емес, вирусқа және бактерияға қарсы қасиеттерінің арқасында да маңызды.
Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі (NHS) күз-қыс мезгілінде тұрғындарға D дәруменін күнделікті қабылдауға кеңес береді. Ал тапшылық қаупі жоғары адамдарға, кішкентай балаларға, қарттарға және терісі қара түсті жандарға бұл дәруменді жыл бойы қабылдау ұсынылады.
Сонымен бірге мамандар қоспалар тек көмекші құрал екенін атап өтеді. Дұрыс тамақтану мен күн сәулесін қауіпсіз мөлшерде қабылдау D дәруменінің табиғи әрі маңызды көздері болып қала береді.

