Ақпан айының басында қысқы трансферлік терезе жабылды. Соған орай, ең қымбат 10 трансфер тізімін ұсынамыз:
-
Антуан Семеньо – 72 млн еуро («Манчестер Сити»)
Семеньо осы маусымда «Борнмуттың» жұлдызына айналды. «Шиелердің» ғана емес, АПЛ-дың жаңалығына айналғаны тағы бар. Неге десеңіз, ағылшын чемпионатында Холландтан кейін сұрмергендер көшін бастап тұр. Әрине, бұл оның АПЛ-де дебют жасағаннан бергі нәтижесі. Өзі де «Манчестер Ситиге» ауысқан соң, «Гвардиола бапкерім болатынына әлі де сене алмай тұрмын» деген-ді.
-
Йерген Ларсен – 49.7 млн еуро («Кристал Пэлас»)
Йерген Странн Ларсен «Вулверхэмптоннан» «Кристал Пэласқа» ауысты. Ол клубта 22 нөмірде өнер көрсетіп, келісімшарты 2030 жылы аяқталады.
-
Лукас Пакета – 42 млн еуро («Фламенго»)
Бұл – Оңтүстік Америка тарихындағы ең қымбат трансфер. Байқағаныңыздай, «Фламенго» осы транфсер арқылы біріншілікті бергісі келмейтінін, трофей үшін соңына дейін күресетінін көрсетті. Соған сай Пакета да барын салады деп ойлаймыз.
-
Бреннан Джонсон – 40 млн еуро («Кристал Пэлас»)
Бреннан Джонсон енді мансабын «Кристал Пэласта» жалғастырады. Ол осы маусымда 16 ойынға қатысып, екі гол соққан. Сондай-ақ Чемпиондар лигасындағы төрт кездесуде бір рет қақпа торын тулатты.
-
Конор Галлахер – 40 млн еуро («Тоттенхэм»)
«Челси» түлегінің Испанияда жолы болмағаны өкінішті. Ол «Атлетиконың» негізгі құрамына орныға алмай, Лондонға қайтып келді. Бірақ туған «үйіне» емес, «Тоттенхэмге» ауысты. Жалпы, Галлахер бапкер Франктың сеніміне кіре ала ма, әлде «Атлетикодағыдай» сансырап қала ма, алда көре жатармыз.
-
Адемола Лукман – 35 млн еуро («Атлетико»)
Диего Симеоне ақыры дегеніне жетті. Есіңізде болса, Адемола Лукман клуб басшылығына жазда басқа клубқа ауысқысы келетінін айтқан-ды. Бірақ «Аталанта» испан клубы ұсынған бағаға келіспей, біраз дау шыққан. Дегенмен қысқы трансферлік терезеде екеуара келісіп, әуелдегі бағасын түсірген екен.
-
Оскар Бобб – 31 млн еуро («Фулхэм»)
«Манчестер Сити» Оскар Бобты «Фулхэмге» 31 млн еуроға сатты. Оның келісімшарты 2031 жылға дейін жарамды. Оскар жаңа клубта 14 нөмірмен өнер көрсетеді.
-
Мохамед Мейте – 30 млн еуро («Әл-Хиләл»)
Арабтар қысқы трансферлік терезені сәтті пайдаланды. Олай дейтініміз «Әл-Хиләл» француздың 18 жастағы ойыншысын қатарға қосты. «Реннің» экс-ойыншысы жаңа клубымен 2028 жылға дейін келісімшартқа отырды.
-
Джордж Иленихена – 30 млн еуро («Әл-Иттихад»)
Ал «Әл-Иттихад» болса Джордж Иленихенаны қатарына қосты. 19 жастағы нигериялық ойыншы «Монакода» барлығы 51 ойын өткізіп, 10 гол соққан.
-
Валентин Кастельянос – 29 млн еуро («Вест Хэм»)
«Вест Хэм Юнайтед» Валентин Кастельяносты Италияның «Лацио» клубынан 29 млн еуроға сатып алды. Талантты шабуылшы бұдан бұрын «Жирона», «Нью-Йорк Сити» сияқты бірнеше командада доп тепкен.
Топ 5 лигадағы ТТ кезеңі:
- АПЛ – 1 қаңтардан 3 ақпанға дейін;
- Ла Лига – 2 қаңтардан 3 ақпанға дейін;
- Бундеслига – 1 қаңтардан 3 ақпанға дейін;
- А сериясы – 2 қаңтардан 3 ақпанға дейін;
- 1 Лига – 1 қаңтардан 3 ақпанға дейін.
:

