Қысқы универсиада: Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті
Турин қаласында өтіп жатқан ХХХІІ Дүниежүзілік қысқы универсиадада Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Фристайл-могулдан жарысқа қатысқан отандасымыз Анастасия Городко 79,79 ұпаймен жеңімпаз атанып, Қазақстанға алғашқы алтын медальді әкелді. Екінші орынды жапониялық Харуко Накао (76,29 ұпай) алса, үздік үштікті германиялық Ханна Уисе 75,04 ұпаймен қорытындылады.
Бұл қуанышты жаңалықты Ғылым және жоғары білім министрі желі парақшасында сүйіншілетті.
Универсиада ойындарында фристайлшы Анастасия Городко өз шеберлігін дәлелдеп, Қазақстанға алғашқы алтын медальді әкелді. Қалған спортшыларымыз да тамаша өнер көрсетіп, еліміздің намысын абыроймен қорғады. Жарыста өз өнерлерін көрсететін басқа спортшыларымызға да сәттілік тілейміз! Еліміздің студенттері жеңіс тұғырынан көріне берсін!,-деп жазды министр.
Айта кетсек, фристайлшы қызымыз Қазақ Спорт және туризм академиясының 3-курс студенті.