gettyimages.com

Қырғызстанда оқушы қыздың қазасынан кейін президент өлім жазасын енгізуді ұсынды

02.10.2025 00:29

Қырғызстанда 17 жастағы мектеп оқушысының зорланып, өлтірілуі елді дүр сілкіндірді. Осы оқиғадан кейін президент Садыр Жапаров балаларды зорлағандарға, сондай-ақ әйелдерді зорлап, өлтіргендерге қатысты өлім жазасын енгізу жөнінде заң жобасын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Аскат Алагозов хабарлады. 1 қазанда Садыр Жапаров тиісті заң жобасын дайындауды жүктеді. Президенттің пікірінше, балалар мен әйелдерге қарсы аса ауыр қылмыстар ешқашан жазасыз қалмауы тиіс. Айсулуу есімді жасөспірім қыздың ерекше қатыгездікпен өлтірілу ісі президенттің жеке бақылауына алынған.

Еске сала кетсек, Қырғызстанда өлім жазасына мораторий алғаш рет 1998 жылы сол кездегі президент Асқар Ақаевтың шешімімен енгізілген. Кейін ол бірнеше рет ұзартылып, 2007 жылы түбегейлі жойылған болатын.

Мораторий енгізілгенге дейін Қырғызстанда өлім жазасына кесілгендер ату жазасына тартылған еді.