getty images

Қырғызстанда өлім жазасын енгізу бастамасы қолдау таппады

10 желтоқсанда Қырғыз Республикасының Конституциялық соты президент ұсынған Конституцияға өзгерістер енгізу туралы бастаманы қарастырып, оны қабылдаудан бас тартты. Бұл өзгерістер ерекше ауыр қылмыстар үшін өлім жазасын енгізуге мүмкіндік беретін еді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мемлекет басшысы балаларды сексуалдық зорлау және аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру жағдайларында өлім жазасын қолдануға рұқсат беруді ұсынған болатын. Алайда Конституциялық сот мұндай шара адам өміріне қол сұқпау құқығына және ел Конституциясының негізгі принциптеріне қайшы келетінін атап өтті.

Сондай-ақ сот Қырғызстанның халықаралық міндеттемелерін еске салды. Ел бірнеше келісімдерге, соның ішінде Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші факультативтік хаттамасына қосылған. Бұл құжаттар өлім жазасын қолдануға түбегейлі тыйым салады. Соттың пікірінше, аталған норманы қайта енгізу Қырғызстанның халықаралық құқық алдындағы жауапкершілігін бұзады әрі адам құқықтарын қорғау жүйесіне нұқсан келтіреді.

Осы шешімнен кейін заң жобасы референдумға шығарылмайды және оны ілгерілету бойынша барлық рәсімдер тоқтатылады.

Өлім жазасын енгізу туралы қоғамдық талқылау қыркүйек айының соңында болған қайғылы оқиғадан кейін өршіген еді. Ыстықкөл облысында 17 жастағы Айсұлу жоғалып, екі күннен соң Боом шатқалынан оның денесі табылды. Тергеу мәліметі бойынша, 41 жастағы күдікті қызды ұрлап, зорлап, кейін өлтіргенін мойындаған. Оның бұған дейін де сексуалдық сипаттағы қылмыс бойынша тергелгені айтылды.

Оқиғадан кейін БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк Қырғызстан билігін өлім жазасын қайтарудан бас тартуға шақырып, мұндай қадам халықаралық құқық талаптарын өрескел бұзатынын мәлімдеген еді.