Жаңалықтар

Қырғызстанда мемлекеттік тіркеусіз діни некеге тыйым салынады

Қырғызстанда мемлекеттік тіркеусіз діни некеге тыйым салынады
Фото: El.kz 05.01.2025 08:35 323

Қырғызстанның Еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру және көші-қон министрлігі мемлекеттік тіркеусіз діни неке қию рәсімін өткізуге тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Бұл құжат қазір қоғамдық талқылауға шығарылды. Kazinform-ның жазуынша, мемлекеттік тіркеусіз неке қию діни рәсімдерін өткізген жеке тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 10 мың сом) көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Сонымен қатар, заңда қазіргі уақытта 17 жастан бастап некеге тұруға мүмкіндік беретін норманы алып тастау және некеге отырудың ең төменгі жасын 18 жас деп белгілеу ұсынылады. 

Қазақстан заңнамасына сәйкес, некеге тұру (ерлі-зайыптылық) тек уәкілетті органдар арқылы тіркелген жағдайда ғана заңды деп танылады. Діни неке қию рәсімдері заңдық күшке ие болмайды және мемлекет оларды мойындамайды.

Бұл өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғау және неке қию рәсімін заңдастыру арқылы отбасылық қарым-қатынастарды реттеуді көздейді. Әсіресе, ерте некелерді алдын алу мен әйелдердің құқықтарын қорғау мәселелері басты назарда. 

Қоғамдық талқылау аяқталғаннан кейін заң жобасы тиісті органдарға бекіту үшін ұсынылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға