Қырғызстанда ата-анасын қарттар үйіне тапсырған балаларды жазалау ұсынылды
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Қырғызстанда әлеуметтік мекемелердегі қарттардың саны көбейген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жогорку Кенеш депутаты Тазабек Икрамов қылмыстық және отбасылық кодекстерге, сондай-ақ "мемлекеттік азаматтық қызмет және муниципалдық қызмет туралы" заңға енгізілетін түзетулер туралы айтты. Оған сәйкес еңбекке қабілетті балалардың қарт ата-аналары үшін жауапкершілігін қатаңдату ұсынылды.
Депутаттың айтуынша, бүгінде қарт ата-аналарды қарттар үйінде қалдыру қалыпты жағдайға айналды.
Әлеуметтік мекемелердегі қарттардың саны артып келеді. Олар әртүрлі себептермен сонда қалады, бірақ көбінесе балалары қалдырады. Ата-аналарын тастап кеткен азаматтарды жауапқа тарту үшін сот шешімі қажет. Бірақ іс жүзінде бірде-бір ата-ана баласына қарсы арыз жазбайды. Аталмыш заң жобасын қабылдаған кезде мекеме басшылығы автоматты түрде құқық қорғау органдарына өтініш жібереді және іс сотта қаралады, - дейді депутат.
Депутат ата-анасын қарттар үйінде қалдырғаны үшін азамат жауапқа тартылған жағдайда айыппұл мөлшерін 50 мыңнан 100 мың сомға дейін ұлғайтуды ұсынады. Сондай-ақ депутат ата-анасын қараусыз қалдырған балалар мемлекеттік қызметке қабылданбайды деген норма енгізуді де ұсынды.

