Рамиль Ситдиков

Қырғызстанда 2025 жылғы парламент сайлауына 589 кандидат тіркелді

Қырғызстанда Жоғарғы Кеңеске (парламентке) кезектен тыс сайлау алдында көпмандатты округтер бойынша кандидат ұсыну кезеңі аяқталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, жалпы 589 үміткер тіркелуге ниет білдірген. Олардың ішінде 365 ер адам және 224 әйел бар.

Қазір тіркеу процесі жалғасып жатыр және 9 қарашаға дейін созылады. Ал үгіт-насихат жұмыстары 10 қарашадан басталмақ. 30 қазанға дейін 168 кандидат ресми түрде тіркелген, 19 адам сайлауға қатысудан бас тартқан, тағы жеті үміткердің тіркеуі қабылданбаған.

Еске салсақ, 2025 жылдың қыркүйегінде Жоғарғы Кеңестің депутаттары парламентті мерзімінен бұрын тарату туралы бастама көтеріп, 25 қыркүйекте бұл шешім қабылданған болатын. Президент Садыр Жапаровтың жарлығымен жаңа сайлау 2025 жылдың 30 қарашасына белгіленді.

Қазіргі мәлімет бойынша, елде 4,3 миллионнан астам сайлаушы тіркелген. Мемлекет басшысы алдағы сайлау барысын жеке бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.