Жаңалықтар

Қырғызстан TikTok қолдануға тыйым салады

Қырғызстан TikTok қолдануға тыйым салады
Фото: © Pixabay.com 17.04.2024 14:05 702

Қырғызстанда TikTok әлеуметтік желісіне кіруге шектеу қойылады. Ақпаратты Қырғызстанның Цифрлық даму министрлігі растады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін Қырғызстандағы интернет-провайдерлер Цифрлық коммуникацияларды реттеу және қадағалау министрлігінен елдегі TikTok-қа қолжетімділікті шектеу және 18 сәуірге дейін жазбаша жауап беру туралы өтінішпен хат алғаны туралы ақпарат пайда болған.

Министрлік бұл шаралар Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің хатының негізінде қабылданғанын түсіндірді.

Шешім қабылдауға TikTok компаниясының Қырғыз Республикасының «Балалардың денсаулығына, олардың физикалық, интеллектуалдық, психикалық, рухани-адамгершілік дамуына зиян келтірудің алдын алу шаралары туралы» заңын сақтамауы негіз болды. Заң балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпарат түрлерін анықтайды», - делінген Цифрлық даму министрлігі таратқан хабарламада.

Айта кетейік, тамыз айында Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі ел аумағында TikTok жұмысын тоқтату туралы шешім қабылдады. Шешімді заң жүзінде орындау үшін Цифрлық даму министрлігіне жіберілді.

Мәдениет министрлігінің мәліметінше, TikTok әлеуметтік желісінің балалардың психикалық дамуы мен денсаулығына кері әсерін тигізетіні анықталған. Зиянды әсеріне қатысты бірқатар үкіметтік емес ұйымдар шағым жасаған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға