instagram.com/akimat__astana

Қымызмұрындық мерекесінде ең үздік қымыз өндіруші анықталды

20.05.2025 19:04

Астанадағы ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін Қымызмұрындық мерекесі өтті. Іс-шараға елорда тұрғындары мен қонақтары, туристер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі. 

Ұйымдастырушы «BaiQymyz» жобасының авторы Жұмажан Қалтаевтың айтуынша, бұл бастаманың негізгі мақсаты – қазақтың қасиетті асы қымызды күнделікті дастарханымызға қайта әкелу, оның пайдалы қасиеттерін кеңінен насихаттау.

Қазір жастардың көбі газды сусындарға әуес. Ал қымыз – дәруменге бай, иммунитетті нығайтатын, денсаулыққа аса пайдалы сусын. Біз осы жобамыз арқылы қымыз өндірушілерді бір алаңға жинап, оларға қолдау көрсетуді көздеп отырмыз, — деді Жұмажан Қалтаев.

Қымызмұрындық аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, этноөнімдер мен қолөнер бұйымдарының көрмелері, гастрономиялық фестивальдер және мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Бүгін халық әр өңірден әкелінген қымыздың дәмін татып көріп, өз бағасын беріп жатыр. Ал шілде айында өтетін үлкен фестиваль барысында үздік қымыз анықталатын болады. Бұл тек дәмді сусын ғана емес, қазақтың тарихы мен руханиятына терең бойлататын мереке. Қонақтар ұлттық дәстүрлермен танысып, әртүрлі жылқы тұқымдарын көріп, қолөнершілердің өнерін тамашалай алады», — деді жобаның атқарушы директоры Әділ Орынбасарұлы.

Бүгінгі Қымызмұрындыққа еліміздің 10 аймағынан қымыз өндірушілер қатысып, келушілер олардың өнімдерін арнайы QR-код арқылы бағалады. Қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар табысталды.

Айта кетейік,  Қымызмұрындық мерекесі шілде айында өтетін «BaiQymyz» гастрофестивалінің прологы іспеттес. Шара аясында ұлттық дәстүрлер насихатталып, «Ең үздік қымыз» байқауы ұйымдастырылады. Жалпы жүлде қоры – 45 миллион теңге.