Қымбат сыйлықтан бас тартты: Жаңа жылды депутаттар қалай қарсы алады
Жаңа жыл жақындап қалды. Көшелерде, дүкендерде дайындық қызу жүріп жатыр. Көп адам сыйлық таңдаймын деп бас қатыруда. Ал депутаттар бұл мерекені қалай қарсы алады? El.kz интернет порталының тілшісі мәжілісмендердің сыйлыққа деген көзқарасын сұрады.
Сауалнамаға жауап берген депутаттардың басым бөлігі Жаңа жылды мейрамханада немесе шетелде емес, үйде, жақындарының ортасында қарсы алатынын айтты. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов үшін бұл мереке – әулеттің басын қосатын күн.
Жаңа жылды үйде қарсы аламын, отбасымен бірге. Ата-әже болдық, немереміздің үлкені он үш жастан асты. Барлығы ата-әже болған соң, бәрі біздің үйге келеді. Үйдегі жеңгелерімізбен дайындаламыз, – деді ол.
Ал Ерлан Саиров Жаңа жылдың бұрынғыдай әсері қалмағанын айтты.
Оны бір қарсы алудың өзі де бұрынғы сияқты емес. Сондықтан біз өзіміз туыстарымызбен, балаларымызбен үйде боламыз, – деді депутат.
Нұргүл Тау үшін Жаңа жыл – отбасылық дәстүрмен тығыз байланысты мереке. Себебі оның туған күні де қаңтардың басына сәйкес келеді.
Үйде қарсы аламыз. Мен қаңтардың үші күні туғанмын. Туған күнім Жаңа жылға жақын болғаннан кейін отбасымның қасында болып, бірге бас қосып отырғанды жақсы көремін. Отбасылық мереке қылғандықтан, барлығын қолдан істеуге тырысамын: бауырсақтан бастап, ет асып, салаттарды да өзім жасаймын, – деді ол.
Ал Еділ Жаңбыршин мерекені кейде ел ішінде қысқа демалыспен ұштастыратынын жеткізді.
Жаңа жылды жалпы отбасыммен қарсы алғанды ұнатамын. Кейде осы елдің ішінде қыдырып, екі-үш күнге демалып келеміз, – деді депутат.
Жигули Дайрабаев үшін мереке күндері де жұмыс кестесіне тәуелді.
Жаңа жылда бізде жұмыс. Сол себепті алысқа шыға алмаймыз, бірақ үйде боламыз, – деді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қымбат сыйлық – міндет емес
Сыйлық мәселесінде де депутаттардың пікірі ұқсас. Көбі үшін сыйлықтың бағасы емес, мәні мен қажеттілігі маңызды. Айдарбек Қожаназаров «қымбат» ұғымының әр адамда әртүрлі екенін атап өтті.
Жалпы, тез таба алмайтын бір сирек кітап болса, мен үшін ол өте қымбат дүние. Ал біреу үшін ол ертең үстелдің үстінде жатып, еш қолданбайтын зат болуы мүмкін. Сол себепті, менің ойымша, әр адам үшін «қымбат» деген сөздің мағынасы әртүрлі, – деді ол.
Ал Елнұр Бейсенбаев отбасында Жаңа жылда қымбат сыйлық алмасу дәстүрі жоқ екенін айтты.
Жоқ, бізде ондай дәстүр жоқ. Бір-бірімізге Жаңа жылға сыйлық беру деген жоқ. Мүмкіндік болса, бір-бірімізді құттықтап, ортақ дастархан басында бас қосамыз, сонымен ғана шектелеміз. Бала-шағамызға сыйлық береміз. Ал өзім осы уақытқа дейін алған қымбат сыйлыққа келсек, мемлекеттік қызметтегі стандартты сыйлық бар – галстук. Ең қымбаты сол шығар, – деді депутат.
Абзал Құспан жыл сайын таныстарына практикалық сыйлық сыйлайтынын айтты.
Өзім таныстарыма жыл сайын бір сыйлық сыйлаймын. Ол аса қымбат емес, бірақ практикалық жағынан ыңғайлы, маңызды деп ойлаймын. Ол – күнделік. Мысалы, «2026 жылы жетістікке жететін адамның күнделігі» деген. Осыны жыл сайын шығарып келе жатқан бір азамат бар. Содан он данасын сатып алып, өзім қажет деп тапқан, көбіне жастарға сыйға тартамын, – деді ол.
Ал Ермұрат Бәпи сыйлықты адами қарым-қатынастың бір көрінісі ретінде бағалайды.
Бұл – жеке мәселе, адамдар арасындағы қарым-қатынастың тақырыбы. Егер сіз маған шын көңіліңізбен сыйлық бергіңіз келсе, мен де сізге сондай сыйлық жасауым мүмкін. Сондықтан бұл – шынайы адами көңіл күйге байланысты дүние, – деді депутат.
Айтуар Қошмамбетов те қымбат сыйлыққа әуес емес екенін айтты.
Қатты қымбат сыйлық алатын әдетім жоқ. Ата-анама, жақындарыма, бала-шағама, жолдасыма сыйлықтар алдым, бірақ оны қымбат деп айтуға келмейді, – деді ол.

