Коллаж El.kz

Қыдыр ата аспанда ма, жерде ме? Қазақ дүниетанымындағы орны

Қазақ халқының танымында Қыдыр ата кім? Ол жай ғана аңыз кейіпкері ме, әлде халық сеніміндегі береке мен ырыстың символы ма? Ел арасында айтылатын аңыздарда Қыдыр ата – адам кейпінде жер кезіп, жақсылық дарытатын әулие ретінде сипатталады. Ал Наурыз мейрамымен байланысында оның әр шаңыраққа құт әкелетін киелі күш иесі ретіндегі орны айқындала түседі. Қыдыр атаның қазақ дүниетанымындағы бейнесі, халық арасындағы аңыздар және оның Наурызбен сабақтастығына тоқталдық.

Қыдыр атаның Наурызбен байланысы

Этнографтардың  айтуынша,  бақ иесі –  Қыдыр  ата періште бейнесіндегі пайғамбар. «Пайғамбар екі түрлі болады. Біріншісі, пенде бітімді, екіншісі періште бітімді. Қыдыр ата – бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші. Ол Ұлыстың ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып бата береді.

Қазақ дүниетанымында Қыдыр ата – ел аралап жүретін әулие, адамзатқа қамқоршы, «құт», «дәулет», «ырыс» дарытушы киелі бейне ретінде танылады. Ежелгі наным бойынша, әрбір құбылыстың иесі болады деген түсінік қалыптасқан. Осы сенім негізінде Қыдыр ата бүкіл халыққа жақсылық әкелуші, бақыт пен берекенің жаршысы, өмір сыйлаушы рухани тұлға ретінде қабылданған.

Қыдыр атаның ең айқын көрінісі Наурыз мейрамымен байланысты. Халық сенімінде ол Ұлыстың ұлы күні әр шаңырақты аралап, бата береді. Сондықтан әрбір отбасы Қыдыр атаны күтіп, үй-жайын тазалап, айналасын ретке келтіруге ерекше мән берген. Үйдің ішін-сыртын, қора-қопсыны тазарту, ағаш отырғызу, бұлақ көзін ашу сияқты әрекеттер тек тұрмыстық қажеттілік емес, рухани тазарудың да белгісі саналған.

El.kz

«Жаңа жылды таза қарсы алсаң, жыл бойы аман-есен боласың» деген сеніммен қазақтар Наурыз қарсаңында барлық мүлікті жуып-тазалап, киім-кешек пен төсек-орнын жаңартқан. Бұл – Қыдыр ата кірген үйге ауру-сырқау жоламайды деген нанымнан туған дәстүр. Сондай-ақ бұрындары Қыдыр түні үйге жарық түсіп тұрсын деп, төрге қос шырақ жағу салты да болған. Жұрт мұндай жарық әрі таза үйге Қыдыр ата түнеп немесе бата беріп кетеді деп сенген. «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген ұғымдар да осы игі сенімнің көрінісі.

Қыдыр түні туралы түсініктердің тағы бір қыры – оның атауына байланысты. «Қызыр» сөзі араб тіліндегі «жасыл» мағынасын білдіреді деген пікір бар. Жасыл түс – тіршілік пен жаңарудың белгісі. Аңыздарда Қыдыр ата отырған жер көгеріп, жасылданып кетеді немесе өзі жасыл киім киіп жүреді делінеді. Бұл да оның табиғаттың жаңаруымен, көктеммен тығыз байланысты екенін аңғартады.

Белгілі этнограф Ақселеу Сейдімбек еңбектерінде Қыдыр түні түн ортасынан басталып, халықтың бұл түнді ұйықтамай қарсы алатыны айтылады. Жастар алуан түрлі ойын-сауық ұйымдастырып, Қыдыр атаның назарын аударуға тырысқан. Өйткені оның назары түскен адамға бақ қонады деген сенім болған.

Кейбір зерттеулерде Қыдыр ата жиынтық, антропоморфтық бейне ретінде сипатталады. Ол – ақ киімді, қолында түйесі бар әулие кейпінде елестетіледі. Сонымен қатар Орталық Азияда Қыдыр атаны жер өңдеу, егіншілікпен байланыстыратын түсініктер де бар. Егер ол егістікке назар аударса, сол жылы өнім мол болады деп сенген. Тіпті кейбір нанымдарда Қыдыр ата жан-жануарлардың да жебеушісі ретінде көрінеді. Мысалы, Наурыз күні аппақ мысық немесе ит көру – Қыдырдың

Қыдыр атаның бейнесі

Қазақ танымында Қыдыр ата – иман жүзді, ақ сақалды дана қария бейнесінде елестейтін киелі тұлға. Ол көбіне қарапайым адам, жолаушы немесе кедей кейпінде ел аралап жүреді деп сенілген. Мұндай бейне оның халыққа жақындығын, кез келген сәтте адамға кезігуі мүмкін екенін білдіреді.

Қыдыр атаны көріп, оған құрмет көрсеткен жанға бақ-береке, дәулет пен ұзақ ғұмыр дариды. «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген халық мақалы да осы сенімнен туған. Яғни әрбір қонақты құрметтеу қажет, себебі оның Қыдыр ата болуы әбден мүмкін деген ұғым қалыптасқан.

El.kz

Қыдыр ата тек ырыс әкелуші ғана емес, сонымен қатар қорғаушы пір ретінде де танылады. Халық сенімінде ол өрттен, су тасқынынан, түрлі апаттан, тіпті жылан шағу сияқты қауіптерден сақтайтын қамқоршы күш иесі. Осы қасиеттеріне байланысты ол батырлардың да жебеушісі ретінде сипатталады. Батырлық жырларда қаһармандар сапарға шығарда немесе сын сағатта Қыдыр атаны шақырып, қолдау тілеген:

«Қызыр ата, қырық шілтен,

Қыдыр менен Ілияс 

Олар да болсын жолдасың»

деген жолдар соның дәлелі.

Кейбір түсініктерде Қыдыр ата Ілияс пайғамбармен қатар аталып, киелі күш иелерімен бірге жүретін рухани тұлға ретінде көрінеді. Ол періштелік сипатқа ие, пайғамбарлық қасиеті бар әулие ретінде қабылданады.

Қыдыр ата бейнесі – қазақ дүниетанымындағы ізгілік, қамқорлық, әділет пен берекенің символы. Оның образы арқылы халық жақсылыққа сену, қонақжайлық таныту және бір-біріне мейірімді болу сияқты құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған.

Халық арасындағы аңыздар

Халық аңыздарында Қыдыр ата ел аралап жүретін әулие, адамдарға жақсылық дарытушы киелі тұлға ретінде суреттеледі. Ол ниеті таза жандардың үйіне кіріп, батасын береді деген сенім бар. «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген тіркестер де осы түсініктен туған.

Исламдық аңыздарда Қыдыр бейнесі Мұса пайғамбармен байланысты баяндалады. Құран Кәрімнің «Кәһф» сүресінде оның Мұсамен бірге сапар шегіп, сырт көзге оғаш көрінетін істер жасағаны айтылады: кемені тесуі, баланы өлтіруі, құлағалы тұрған қабырғаны тұрғызуы. Бұл әрекеттердің түпкі мәні – Алланың құдіретін ұғындыру және сабырлыққа үйрету.

Қазақ танымында Қыдыр ата тірі, ерекше ғұмыр иесі ретінде қабылданады. Ол жол үстіндегі, теңіздегі немесе қиындыққа тап болған адамдардың қамқоршысы, кедей-кепшікке жәрдем беруші ретінде сипатталады. Мұндай аңыздарда исламдық түсініктер мен көне мифтік элементтер астасып, әділеттілік пен қамқорлық идеяларын дәріптейді.

Халық арасында Қыдырдың адамдарға бата беріп жүретіні туралы түсінік кең таралған. Бұл сенімде сопылық дүниетанымның да ықпалы байқалады. Қазақ даласында сопылық ілім ерте кезеңнен-ақ таралып, рухани тәжірибеде ерекше орын алғаны белгілі.

El.kz

Аңыздардың бірінде Қыдыр ата қасында қырық дәруіш пен он екі имамды ертіп, Көроғылы атты адамға келіп, одан қалауын сұрауды өтінеді делінеді. Бұл Қыдыр бейнесінің тек діни емес, сонымен бірге эпикалық кейіпкерлермен де байланысып жатқанын көрсетеді.

Ғалымдар да Қыдыр туралы әртүрлі пікір айтады. Кейбірі оны дүниеден өткен десе, енді біреулері әлі де тірі, құпия ілім иесі деп есептейді. Сопылық ілімде «Қызыр деңгейі» деген ұғым бар, яғни рухани кемелдікке жеткен адам Қыдырмен жүздесуі мүмкін деген түсінік кездеседі.

Осы сенімдерге байланысты халық арасында Қыдырды көрген жандар туралы әңгімелер де жиі айтылады. Мәселен тарихи тұлға Жанқожа Нұрмахаммедұлы заманында өмір сүрген Құттыбай Ақболұлының Қыдырды бірнеше рет көргені жайлы деректер айтылады. Сондай-ақ ел ішінде қарапайым адамдардың да Қыдыр дидарын көргені туралы естеліктер сақталған. Мұндай әңгімелерде Қыдыр ата көбіне ерекше белгілер арқылы танылып, адамдарға ишара, аян беруімен сипатталады.

Жалпы алғанда, Қыдыр ата туралы аңыздар қазақ фольклорында терең рухани мазмұнға ие. Олар халықтың жақсылыққа сенімін арттырып, адамгершілік, сабыр, мейірім сияқты құндылықтарды насихаттайды.