«Құтқарушылар» командасы «Жайдарманда» вице-чемпион атанды
«Жайдарман» ойындарына «Құтқарушылар» құрама командасы жыл сайын белсене қатысады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өз сапарларын 2020 жылдан бастаған бұл команда бүгінгі таңда көптеген көрермендердің жүрегін жаулап, өскелең ұрпаққа үлгі болып келеді. «Құтқарушылар» командасы - азаматтық қорғау органдары саласынан құралған ең алғашқы команда.
«Құтқарушылар» - тұрғындарды өрт пен судан қорғап қана қоймай, спорттық ойындарға да, мәдени шараларға да белсене қатысып, қоғамдық өмірді қатар алып жүрген жан-жақты, талапты да талантты жігіттер. Олар Төтенше жағдайлар саласынының жұмысын астарлы әзіл арқылы кеңінен насихаттап, сахналық қойылымдарымен қатысушыларға қауіпсіздік талаптарын жеткізуде.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың қаңтар айында Астанада жайдарман Республикалық ойындарының фестивалі өткен болатын, оған республикамыздың түкпір-түкпірінен 500-ге жуық команда, оның ішінде кейбір мемлекеттік қызметтердің өкілдері қатысты. 7 күн ішінде республикалық телевизиялық ойындарға командаларды іріктеу өткізіліп, фестиваль нәтижесі бойынша 32 команда жолдама алды.
Мамыр айында «Астана лигасы» лигасы басталды. 1/16, 1/8, 1/4 және жартылай финалдың нәтижелері бойынша Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «Құтқарушылар» командасы өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетті.
2023 жылғы 22 қарашада Астана қаласында Республикалық «Жайдарман» ойындарының финалдық ойындары өтті.
Осылайша, 2 күнге созылған ойын қорытындысы бойынша, финалдық бәсекеге жолдама алған 5 команда: «Андриановка» (Павлодар), «Бізде осы» (Ақтөбе), «Джеки Шаңырақ» (Шымкент), «TAU» (Астана), «Құтқарушылар» (Атырау) құрама командалары тартысты ойын көрсетіп, дүбірлі додада бақ сынасты. 32 команданың ішінен 2 орынды иеленіп, біздің «Құтқарушылар» республикалық «Жайдарман» ойындарының вице-чемпиондары атанды.