Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, елдегі конституциялық өзгерістер мен алдағы саяси науқанға қатысты маңызды мәлімдемелер жасады.
Президент өз сөзінде биыл 15 наурызда өткен референдумның тарихи маңызын атап өтті. Оның айтуынша, азаматтардың басым бөлігі қолдаған жаңа Конституция елдің дамуына тың серпін бермек.
Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда 15 наурыз күні тарихи мәні зор референдум өтті. Азаматтардың басым бөлігінің қолдауымен мемлекетіміздің іргесін нығайтатын, елді барлық салада, соның ішінде ғылымда орнықты даму траекториясына шығаратын жаңа Конституция қабылданды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жаңа Ата заңда ғылым мен білімге ерекше басымдық берілгенін атап өтті.
Ата заңымыздың преамбуласында алғаш рет мәдениет, білім беру, ғылым және инновация құндылықтары нақты бағдар ретінде белгіленді. Яғни аталған салаларды жан-жақты қолдауға стратегиялық маңыз берілді. Ең бастысы, бұл бағыттарды дамыту мемлекеттің конституциялық міндетіне айналды, – деді президент.
Сонымен қатар ол Конституцияны әзірлеуге үлес қосқан ғылыми қауымдастыққа алғыс білдірді.
Президент жаңа Конституцияның 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетінін еске салды. Осыған байланысты барлық заңдар негізгі құжат талаптарына сәйкестендірілуі тиіс.
Өтпелі ережелерге сай, жаңа Ата заң 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Сол уақытқа дейін негізгі заңдардың барлығы Конституция нормаларына сәйкестендірілуге тиіс. Бұл бағытта Парламент ауқымды заң шығару жұмысына кірісті, – деді ол.
Сөз барысында мемлекет басшысы алдағы саяси науқан туралы да алдын ала мәлімет берді. Оның айтуынша, Конституция күшіне енгеннен кейін Құрылтай сайлауы өтеді.
Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоямын. Сайлау биыл тамыз айында өтеді, – деді президент.
Тоқаев бұл ақпаратты әдейі ертерек жариялап отырғанын жеткізді.
Мұны әдейі ерте айтып отырмын. Өйткені партиялардың жоспарларын айқындап, сайлау науқанына дайындық жүргізуіне жеткілікті уақыты болуы керек. Осылайша, партиялардың сайлаушылармен тиісті жұмыс жүргізуіне бес айға жуық уақыт беріледі, – деді ол.
Президенттің айтуынша, бұл сайлау елдің саяси жүйесіне жаңа серпін береді.
Құрылтай сайлауы Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай «қайта құруға» жол ашады. Бұл ретте біз жүзеге асырып жатқан саяси және экономикалық реформалар қоғамдық сананың оң сипатта өзгеруіне әсер етуге тиіс, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.