©Pixabay.com

Құрманы неліктен таңертең жеу керектігін білесіз бе?

Шығыстың тәтті әрі экзотикалық жемісі саналатын құрма жайлы ертегілерден де білеміз. Ал араб елдерінде күнді дәл осы жеміспен бастау дәстүрге айналған. Себебі таңертең ашқарынға құрма жеу ағзаны паразиттерден тазартады, деп жазады El.kz интернет порталы.

Арабтарда таңертең ашқарынға жеті құрма жеу дәстүрі ертеден бар және ол әлі күнге дейін сақталған.

Ғалымдардың мәліметінше, асқазан-ішек жолының дұрыс жұмыс істеуіне құрманың пайдасы зор.

Зерттеулер көрсеткендей, ашқарынға құрма жеу ішек паразиттерін жояды, әсіресе лямблиоз бен амебиазға қарсы тиімді. Сондай-ақ ішек амебасына және басқа да зиянды бактерияларға қарсы жақсы көмектеседі. Құрманың құрамындағы көп мөлшердегі клетчатка ас қорыту жүйесін жақсартып, ішекті тазартады.

Бұдан бөлек, құрма – дәрумендер мен минералдарға бай жеміс. Ол жүрек пен иммунитетті нығайтады, сүйектерді берік етеді, мидың жұмысын жақсартады және құрамындағы темірдің молдығы арқасында анемияның алдын алады.

Алайда мамандар құрманы шамадан тыс тұтынбауға кеңес береді. Себебі оның құрамындағы қант мөлшері өте жоғары: 100 грамм құрмада шамамен 14 шай қасық қант бар. Бұл көрсеткіш мейізден, қара өріктен, өріктен және басқа да құрғақ жемістерден әлдеқайда көп.