Жаңалықтар

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестріне 90 жыл толды

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестріне 90 жыл толды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 25.06.2024 14:19 715

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі – Қазақстандағы аспаптық музыка өнері тарихындағы алғашқы кәсіби және бірегей оркестр. Ұжым бүкіл әлемге қазақтың мәдениетін, көркем өнерін, теңдесі жоқ дала сазы мен ерекше аспаптарын таныстырып келеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оркестрді 1934 жылы Ахмет Жұбанов құрған. Әр жылдары ұжымды дарынды музыканттар - Шамғон Қажығалиев пен Нұрғиса Тілендиев және тағы басқа тұлғалар басқарды. Олар Жұбановтың ісін жалғастырып қана қоймай, репертуардың баюына өз үлесін қосты.

1944 жылы оркестрге қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының есімі берілді. Оркестр 1967 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген ұжымы, 1978 жылы Академиялық оркестрі атағын иеленді. 1984 жылы Оркестр «Халықтар Достығы» орденімен марапатталды, 2020 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ұлттық» мәртебе берілді.

Бүгінде оркестр ұжымында 135 адам еңбек етіп жатыр. Бір жыл ішінде оркестр 100-ден астам концерт берді, көрермен саны 45000 адамға жетті. Ал музыканттардың репертуарлық қоры 5 мыңнан астам шығармаға дейін жетеді.

Мерейтойға орай Қазақстанда да, шетелде де бірқатар іс-шаралар жоспарланып отыр. Музыкалық ұжым Түрікменстанға барып, Ашхабад көрермендерінің алдында өнер көрсетіп, оларға қазақ халық музыкасының мол мұрасымен таныстырады.

Мерейтойлық тур аясында оркестр Қарағанды мен Қостанайда жарқын әрі есте қаларлық шығармаларын тарту етеді.

Мерекенің қорытынды кешінде қазақ музыкасының классикалық туындылары мен жаңа композициялар орындалатын гала-концерт өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға