El.kz

Құрманғазы атындағы оркестр «Оркестр түні» музыкалық жобасын ұсынады

13.10.2025 23:16

15-16 қазан күндері Almaty Theatre сахнасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі «Оркестр түні» атты бірегей музыкалық жобасын ұсынады, деп жазады El.kz интернет порталы.

«Оркестр түні» - ұлттық оркестрдің авторлық жобасы, дәстүрлі оркестр мен заманауи сахна мәдениетін біріктірген жаңа форматтағы музыкалық шоу. Кеш бағдарламасында әлемдік кинофильмдердің үздік саундтректері мен заманауи танымал шығармалардың жаңа аранжировкалары орындалады.

Бұл ерекше музыкалық кеште ұлттық оркестрмен бірге танымал орындаушылар - MELOMEN тобы, Бейбіт Көшқалиев, Nora Nugman және Дана Сәбит өнер көрсетеді.

Бас дирижёр - «Құрмет» орденінің иегері Абай Тілепберген болса, ал көркемдік жетекші - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Батыржан Мықтыбаев. Оркестр дирижёрлері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жексен Айсын және халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Нарын Қажығали.