Жаңалықтар

Құрамында қанты көп өнімдер қашан қымбаттайды? Министр жауап берді

Құрамында қанты көп өнімдер қашан қымбаттайды? Министр жауап берді
Фото: ©El.kz/Миражан МАХАН 05.03.2024 15:54 688

Құрамында қанты көп өнімдер қашан қымбаттайды? Бұл сауалға ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров жауап берді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі. 

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі елімізде құрамында қанты көп өнімдердің бағасы қымбаттайтынын мәлімдеді. Себебі, олардың денсаулыққа келтіретін зияны артқан. 

Осыған байланысты ұлттық экономика министрі құрамында қанты көп өнімдерді қымбаттатуға қатысты шешім әлі қабылданбағанын, себебі оның экономикаға әсерін жіті бағалау керек екенін жеткізді.  

Жаңа Салық кодексін әзірлеу шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігімен осы мәселені бөлек талқылаған едік. Біз ДСМ аргументтерін тыңдадық. Шын мәнінде, қоғамда бұл мәселе ушығып барады. Себебі құрамында қанты көп сусындарды, оның ішінде газдалған, энергетикалық сусындарды тұтыну көлемі артып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қант диабетіне шалдыққандардың саны көбейіп келеді. Осы дерт салдарынан жылына қанша ампутация жасалатыны да белгілі болды. Бұл мәселенің өзекті екенін түсініп отырмыз. Әрине, фискалды жаңашылдық толыққанды талдауды қажет етеді. ДСМ тарапынан сомалар мен сандар айтылды. Бұл мәселе әлі де талқылауды қажет етеді. Оның экономикаға әсерін бағалауымыз керек. Бір жағынан осы өнім түрлерін өндіретіндер де бар, олар акциздерді төлеуге аса құлшыныс білдіріп отырған жоқ, - деді Байбазаров.

Үкіметте өткен брифингте журналистер министрден құрамында қанты көп өнімдер қанша пайызға және қашаннан бастап қымбаттайтынын сұрады.

Биыл осы мәселе бойынша акциз бола ма әлде жоқ па дегендей, нақты шешім қабылдауымыз керек.  Әзірге тек Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымын тыңдадық, - деп жауап берді ұлттық экономика министрі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға