Жаңалықтар

Құқық қорғау органдары академиясына қандай міндет жүктелген?

Құқық қорғау органдары академиясына қандай міндет жүктелген?
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 17.06.2023 13:14 1435

Қосшы қаласында Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін баспасөз туры өтті. Академиядағы салиқалы іс-шара бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында, журналистерге терең түсінікпен ытымақтастық орнатқаны және ЖОО-ның қызметін объективті жариялағаны үшін алғыс ретінде ұйымдастырылған.

Құқық қорғау органдары академиясына қандай міндет жүктелген?

Аталмыш академия Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылы 4 мамырдағы №15 Жарлығымен құрылған. Өз жұмысын тыңғылықты атқарғанымен бойын көбінде жасырын ұстайтын академиямен байланыс орнатудың өзі оңайға соқпайтын. Енді өз қызметін БАҚ арқылы жұртшылыққа кеңінен насихаттауға ниеттеніп отыр. Бұл туралы Академияның ректоры Марат Сексембаевта айта келіп, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесімен құттықтады.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Өмірбайұлы академия атқарып отырған істердің маңыздылығын атап өтті.

Құқық қорғау органдары академиясына қандай міндет жүктелген?

Бүгінгі шара – Президентіміздің халыққа үн қататын мемлекет жасап жатқанының бір көрінісі. Академия жабық мекеме десек, енді журналистерді жинауы халықтың алдында ашықтығын көрсетеді. Журналистер – халықтың үні. Барлық әріптестерімізді алда келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтаймыз. «Журналистердің арқалағаны алтын, жегені жаңғақ» деп кезінде Шерхан Мұртаза айтқан. Марат Исламханұлының бұл бастамалары қуантады. Журналистерді жинап, өздерін таныстырып, байланыс орнату ниеттеріңіз – қос қолдап қолдайтын іс. Бүгінгі шара журналистер мен академия арасындағы байланыстың бастамасы деп санаймын. Алдағы жұмыстарыңызға табыс тілеймін, - деді Қайрат Өмірбайұлы.

Мәжіліс залында академияның атқарып жатқан қызметі жан-жақты таныстырылды.

«Халықаралық кездесулер» залында өтіп жатқан Президенттік резерв курстарымен танысқан журналистер көкейіндегі сауалды қойды.

Кітапхананы, сот кабинеті мен психологиялық кабинетті аралап көріп, онда өтіп жатқан сабақтардан күнделікті өмірде болатын мәселелердің тасасында қаншама басқыш, қиын жол жатқаны түсіндірілді.

Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институты өзінің атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды.

Құқық қорғау органдары академиясына қандай міндет жүктелген?

Оқу-практикалық орталықта өтіп жатқан симуляциялық және жедел-тергеу жаттығулары академияның тыныс-тіршілігін, өзіндік артықшылықтарын анық көрсете алды.

Бүгінгі таңға дейін академиядан 6000-нан астам құқық қорғау және мемлекеттік органдардың қызметкерлері білім алған. Жаңашыл, заманауи технологияларға негізделген біліктілік курстарынан өткен. Шетелден шақырылған сақа сарапшылардан тәлім алып, білімін молайтқан, мол тәжірибе жинаған мамандар өз саласында еселі еңбек етіп жатыр.

Академия жыл сайын магистатураға 60, докторантураға 10 грант бөледі. Магистратурадағы 10 орын «Құқық қорғау қызметі» білім берудің бейінді бағдарламасы бойынша қашықтан оқытуға бөлінсе, 50 орын «Құқық қорғау қызметі» және «Құқықтану» білім беру бағдарламасы бойынша ғылыми-педагогикалық бағытқа бөлінеді. Бұнда бейінді және қашықтан оқу қарастырылған.

Академияда білім алудың өзіндік артықшылықтары да жоқ емес. Қолайлы шарт-жағдайда, жайлы білім ордасында стипендия алып оқудан бөлек шетелде тағылымдамадан өтуге мүмкіндігіңіз бар. Оқушы соңғы атқарған лауазымына сәйкес арнайы атақ пен сыныптық шеннен де махрұм қалмайды.

Академияның көздеген нысаны, атқаратын негізгі міндеттері мынандай:

– Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, оның ішінде Президенттік резервте тұрған қызметкерлердің кәсіптік деңгейін арттыру;

– Құқық қорғау қызметі саласындағы ведомствоаралық ғылыми зерттеулерді үйлестіру және жүргізу;

– Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламарын іске асыру;

– Құқық қорғау органдарына қызметке алғаш рет кіретін адамдар үшін бастапқы кәсіптік даярлау;

– Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, құқық қорғау қызметі саласында ғылыми зерттеулер жүргізу және тәжірибе алмасу мәселелері бойынша шетелдік және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға