Жаңалықтар

Құмар ойынның құрығынан қалай шығуға болады?

Құмар ойынның құрығынан қалай шығуға болады?
Фото: pixabay.com 26.09.2023 13:00 3720

Бүгінде лудомания қоғам дертіне айналып отырғаны жасырын емес. Бұл мәселе тіпті жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында талқыланған болатын.

Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс, - деп атап өтті Президент.

Осылайша мемлекет басшысы құмар ойынға тәуелді азаматтардың қатысы бар қылмыстар көбейгеніне құқық қорғау органдарының назарын аударып, алдын алу жұмыстарын жүргізіп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді.

«15 миллион теңге қарызға баттым»

Құмар ойынның құрбаны болған Азамат El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне басынан өткен оқиғаны айтып берді.

Кейіпкеріміз алғаш рет құмар ойынын мектеп кезінде ойнап көрген. Оған оның досы себепкер болған.

Досымның айтқан ұсынысымен 16 жасымда бірінші рет ойын ойнап көрдім. Басында тек 200 теңге ғана салдым. Бірақ сол ойынға құйған ақшам 1 аптаның ішінде 3000 теңгеге айналды. Өзім футболды ұнатамын. Сондықтан осы спорт түріне бәс тігу арқылы табыс табуға болады деп ойладым. Сол кезден бастап лудоманияның қақпанына түсе бастағанымды кейін түсіндім, - деді ол.

Азамат бір рет ұтып көргеннен кейін әрі қарай да ақша жеңемін деген иллюзияға сеніп келген.

Студент кезімде де ойынымды жалғастыра бердім. Өзімді тоқтата алмадым. Себебі арасында қомақты қаржын ұтып алған кездерім де болды. Сол ақшаны алып, пайдама жаратқанда иллюзияға одан сайын беріліп кеттім, - деді жігіт.

Кейіпкеріміз ақшасы таусылған кезде несие алып, қарызға белшесінен батқан. Азамат құмар ойынның зардабын әлі күнге дейін тартып келеді.

Мен жасөспірім кезімнен бастап 27 жасыма дейін 10 жыл бойына құмар ойын ойнап келдім. Нәтижесінде шамамен 15 миллион теңгедей қарызға кірдім. Қазір менің әлі 6 миллиондай қарызым бар. Енді оны толығымен жабу үшін тынбай жұмыс істеп жүрмін, - деді ол.

Азаматқа ойын ойнауды доғару туралы ой қомақты қаржыдан айырылып қалған кезде келген.

Бір рет үлкен ақшадан айырылып қалған кезде бұл ісімді тастауға толығымен бел будым. Осылайша ғаламторды ақтарып отырып бір ресейлік сайтты тауып аламын. Сөйтіп, бір чатқа қосылдым. Сол сәтте өзімнің жалғыз емес екенімді түсіндім. Басқа адамдарға қарап, құмар ойынды тастағандарына көз жеткіздім. Отбасыма, жақындарыма айта алмай жүрген сырларымды оларға айттым. Ресейліктердің ойлап тапқан алгоритміне жүгіне отырып, құмар ойынды тастадым, - деді ол.

Кейіпкер жігіттің сөзінше, құмар ойынды тастағалы бері оның бос уақыты, энергиясы көбейген.

Қазір өтірік айтуды доғардым. Ойынды тастаған соң қарызым азая түсті. Егер әрі қарай құмар ойынды жалғастырғанымда қарызым одан сайын өсіп кетер еді. Себебі бұл ойындар адамға құрылған қақпан секілді.

Бүгінде өзім сияқты адасқандарға көмек көрсетіп, соның рахатын көріп жатырмын. Лудомандарға тек лудомандар психолог болып, моральдық тұрғыдан қолдау білдіріп, көмек көрсете алады. Сол себепті мен оларға арнап арнайы Telegram чат аштым. Яғни өзім жоғарыда атап кеткен ресейлік чаттың иелерімен келісіп, қазақша көшірмесін дайындадым, - деді ол.

Азамат сөз соңында құмар ойыннан бастарта алмай жүрген жандарға Аллен Каррдың «Құмар ойынын тастаудың оңай жолы» туралы кітабын оқуға кеңес берді.

«Лудоман ойын ойнаған кезде өзін «батыр» сезінеді»

Психолог, арт-терапевт Санира Ошақбаева адамдардың құмар ойынға деген тәуелділігі неден пайда болатынын айтты.

Шынайы өмірде алға қойған мақсаты жоқ, өзіне сенімсіз, жетістікке жететініне сенбейтін адам виртуалды өмірге кіріп кетеді. Сол жалған дүниеге сеніп, өзін ол жерде «батыр» сезінеді. Осылайша олар нағыз өмірінің қалай өтіп жатқанын да байқамайды, - деді ол.

Санира Ошақбаеваның айтуынша, түптеп келген адамның өзіне сенімді болуы, алдына мақсат қоя білуі әке-шешесінен алатын тәрбиесіне байланысты екен. Егер ата-ана баласымен дер кезінде жеке сөйлесіп, ақ пен қараны ажыратып, барлығын толыққанды түсіндірсе, онда ол пайдасы жоқ дүниелерге жоламас еді.

Ата-ана «балам, жетістікке жету сенің қолыңнан келеді. Құмар ойын ойнау бұл жақсылыққа апаратын дүние емес. Ойын деген уақытша ғана алдамшы. Одан сен ештеңе ала алмайсың» деп ұл-қызымен ашық сөйлесуі керек. Сонда әке-шешесінен мықты тәрбие алып шыққан бала әрбір қадамын жасамас бұрын саналы түрде шешім қабылдайтын болады. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» деп Абай Құнанбайұлы айтып кеткендей, қазір адамдар жеңіл нәрсеге құмар болып кеткен. Мәселен, бір кез келген затқа тапсырыс берсең, оны үйіңе дейін әкеліп береді. Соның барлығы қазір жас-жеткіншектерге көп дүниеге еңбек етпей-ақ қолжеткізуге болады деген пікірді қалыптастыратын сыңайлы. Сондықтан әр баланы еңбекке бағыттап, бұл өмірге оның босқа келмегенін түсіндіру қажет, - деді ол.

Санира Ошақбаева лудоманиямен күресудің жолы – адамдарды шынайы өмірге бейімдеу деп есептейді.

Лудоман адамға өмірде өзінің алдына қойған мақсатын анықтап, соған жетуіне көмек көрсету, яғни оның жолдарын ұсынып, барынша қолдау білдіру қажет. Себебі құмар ойынға кіріп кететін адамның басты кемшілігі – өзіне деген сенімсіздігі ғой. Сондықтан оған ішкі қабілетіне сенуді үйретуіміз керек, - деді психолог.

Арт-терапевт өзіне келген лудомандарды жеке терапия арқылы емдейді.

Қабылдауыма құмар ойынға кіріп кеткен адам келетін болса, өмірдегі ішкі тірегін тауып, сенімділігін арттыруды басты назарда ұстаймын. Оның кішкентай кезінде алған психологиялық соққысын емдеймін. Өмірге өзінің қажет екенін сезіндіріп, бойындағы бар қасиеттерді ашу жолында көмек көрсетемін. Лудомандар өзін тұлға ретінде көрсетіп, белгілі бір жетістікке жете алмағандықтан, өмірге бейімсіз болып кетеді. Егер адам құмар ойын ойнауын тастамаса, бұл ісі ең соңында екінші жартысымен ажырасауына, қылмыс жасап, түрмеге түсуіне, өз-өзіне қол жұмсауына дейін алып келуі мүмкін, - деп ескертті Санира Ошақбаева.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға