Жаңалықтар

Құмар ойындарына құмартқан жұлдыздар

Құмар ойындарына құмартқан жұлдыздар
Фото: коллаж El.kz 10.07.2024 14:35 897

Былтырғы жылы қазақстандықтар құмар ойынға 100 миллиард теңге жұмсаған. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш көбеймесе, азайған емес. Олардың қатарында елге белгілі тұлғалар мен шоу-бизнес жұлдыздары да бар. Құмар ойынның құрсауынан шыққандары туралы сұхбат беріп, фильм түсіргендері де болды. Бірі лудомандардың былыққа батқан өмірін көрсетсе, енді бірі құмар ойынға жоламауға кеңес берді.  El.kz ақпарат агенттігі Қазақстанның шоу-бизнес саласындағы экс-лудомандарға шолу жасады.  

Құмар ойындарына құмартқан жұлдыздар

Құмар ойынның қызығына батып, құрығына түскен жандардың бірі – Бағлан Әбдрайымов. «Жігіттер» тобының мүшесі ретінде елге танымал әнші бір кездері өмірінің қара түнегіне айналған сәттерді сұхбаттарда ашық айтып жүр. Сонымен қатар Бағлан «Зеро», «Зеро қарыз» атты құмар ойын жайлы фильмдердің авторы. Өнер иесі «Ақ пен қара» атты кітап жазды. Онда құмар ойынға берілген кезі жайлы ашық айтып, жақындарының сенімінен айырылғанын да жеткізді. Сондағы бар мақсаты адамдарға құмар ойынға жоламауға, оның шырмауында жүрген азаматтарға ес жиюға үндеді.

Құмар ойындарына құмартқан жұлдыздар

Құмар ойынның шырмауына іліккен тағы бір жан – «Нұрлан мен Мұрат» тобының мүшесі Нұрлан Әмір. Әнші сұхбаттарының бірінде өзінің бір кездері құмар ойынға салынғанын жасырмады. Тіпті салдарынан 50 мың доллар тұратын автокөлігін, 105 мың доллар тұратын екі бөлмелі пәтерін жоғалтқан. Өнер жұлдызы «Оған бір құмарланғаннан кейін сені басқа ештеңе қызықтырмайды. Үй шаруасы, ата-анаң, әйелің, ештеңе қызықтырмайды. Тек қана сонда баруды ойлап тұрасың. Соған жетсем екен деп тұрасың. Сені сонда апаратын көлік кешігіп келсе, тіпті сонымен жауласасың. Досты жоғалтасың, ішкі қызғанышың өршіп, адамдарды жеккөре бастайсың, орта саған керек емес болып қалады» - деп ішкі арпалысын жеткізеді.

Құмар ойындарына құмартқан жұлдыздар

Танымал блогер Айжан Байзақованың інісі Әлихан Байзақов та құмар ойын ойнағанын қалың көпшілікке ашық айтқан еді. Дегенмен бұл ісіне өкінген ол жұртшылыққа оның қателігін қайталамауға кеңес береді. Әлихан жасөспірім кезінен бастап құмар ойынға тәуелді болғанын жасырмады. Тіпті алғашқы жеңілісі 100-200 мың теңгенің шамасында болған.

Өзім саяхаттап барған елдердің барлығында казиноға міндетті түрде баратынмын. Испания, Чехия, Малайзия, Швейцария және өзіміздің Қапшағайда да болдым. Ашығын айтқанда, мен 20-30 млн теңгеге жеңіп жатсам да, жеңіліп жатсам да үстелден тұрмайтынмын. Жалпы есеппен осы күнге дейін 30 милионнан айырылдым. Өз отбасыма, сүйіктіме, барлығына өтірік айттым, - деп әлеуметтік желісінде жазба қалдырған.

Ақыр соңында бар шындығы ашылған соң әпкесі Айжан оны құмар ойыннан емдейтін орталыққа жатқызған. Блогер сонда ғана өзінің бұл әрекеті есірткіден де, ішімдіктен де бетер тәуелділік екенін ұққан.

Құмар ойындарына құмартқан жұлдыздар

Танымал продюсер Баян Алагөзованың экс-күйеуі Бақытбек Есентаев та бұл қатарда бар.  Бұған дейін ол бірнеше рет ойынханада шу шығарып жұртшылықтың көзіне түсіп қалған. Бұл туралы экс-әйелі Баян да Динара Сәтжанға берген сұхбатында ашық айтқан еді. Алагөзованың сөзінше, Бақытбек Есентаев сол кездері бірнеше пәтер мен автокөлігін бәске тігіп, ұтылып қалған. «Ол – кәсіби ойыншы. Отбасылық өмірімнің бұл шындығын қабылдағым келмеді. Көз жасым көл болды. Қанша пәтер мен автокөлік кетті» - дейді Баян 2016 жылы берген сұхбатында.

Құмар ойындарына құмартқан жұлдыздар

Құмар ойынға құмартқандардың қатарында «Қызыл өрік» атты хит әннің орындаушысы Ақылбек Жеменей де бар. Дегенмен өнер жұлдызының басқалардан бір ерекшелігі ол өз қалтасынан қаржы шығарып ойнамаған. Сөзінше, қалталы, мықты достарынан есебінен ойнаған.

Жоғарыда құмар ойынның азартына кірген отандық жұлдыздарға тоқталдық. Дегенмен бұл тәуелділікпен Голливуд жұлдыздары да зардап шегіп отыр.

Құмар ойындарына құмартқан жұлдыздар

Леонардо Ди Каприо құмар ойындарға деген қызығушылығын ешқашан жасырған емес. Ди Каприо покер ойынын ойнағанды қатты ұнатқан. Тіпті ол ірі казиноларда заңсыз ұйымдастырылған покер турнирлеріне қатысқан. Ди Каприомен кездескісі келген жанкүйерлері  үнемі казиноның алдын торауылдап жүретін болған. Тіпті осы оқиға желісіне ұқсас фильм түсірілген.

Құмар ойындарына құмартқан жұлдыздар

Голливуд актрисасы Кэмерон Диас та құмар ойынның азартына берілгенін жасырмаған. Тіпті оны сұхбаттарында да ашық айтып жүрді, бірақ ешқашан жарнамаламаған. Кэмерон карта ойындарын жақсы көреді. Әлемдік БАҚ-тың жазуынша, оның есімі құмар ойындарға қатысты бейресми оқиғаларға қатысты тізімде бірнеше рет пайда болған. Кэмерон құмар ойынға деген тәуелділігін ақтау үшін барлық ұтқан қаржысын қатерлі ісікпен ауыратын балаларды емдеуге қайырымдылыққа аударған.

Құмар ойындарына құмартқан жұлдыздар

Белгілі Голливуд актеры Джордж Клуни бір кездері құмар ойын ойнаған. Джордж өзі мойындағандай, оның құмар ойындарға деген қызығушылығы «Одиннадцать друзей Оушена» фильмін түсіргеннен кейін пайда болған.  Актер фильмде казиноны тонаған банданың басшысын ойнады. Осыдан кейін Клуни тіпті Лас-Вегастағы ойынхананың иесі болған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға