Жаңалықтар

Құмар ойындардан құтылудың жолы. Букмекер кеңселерді жарнамалауды шектеу қажет пе?

Құмар ойындардан құтылудың жолы. Букмекер кеңселерді жарнамалауды шектеу қажет пе?
Фото: Әлеуметтік желіден 24.04.2023 11:30 10832

Құмар ойыны – қоғам дерті болып тұр. Өйткені оңай жолмен келетін ақшадан дәмеленгеніп, кіріп кеткендердің салдарынан талай отбасының шаңырағы ортасына түскен. Осы ретте El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Қазақстан және әлемдегі букмекерлік кеңселерге қатысты жағдайды сараптап көрген болатын.

Жақында Мәжілісте депутат Руслан Берденов 2022 жылғы статистикалық деректерге сәйкес, 3 676 адам суицид жасағанын, оның әрбір бесіншісі құмар ойындарға тәуелді адамдар екенін айтты.

Былтыр сенатта экс-депутат Дана Нұржігіт те осы мәселені көтеріп, букмекерлік компаниялдарды жарнамалауға мүлдем тыйым салу бойынша қолданыстағы заңға тиісті өзгерістер енгізуді талап еткен болатын.

 Уәкілетті орган құмар ойынға кіріп кеткен азаматтардың тізімін жүргізіп, тиісті шешім қарастыруларыңызды сұраймын, - деген болатын Дана Нұржігіт үкіметке жолдаған сауалында.

Елімізде қазір жеті казино мен 30  букмекерлік компанияның ғана лицензиясы бар. Өзге онлайн интернет казинолар мен түрлі ақшалай ұтыс беретін онлайн ойындар ресми тіркелмеген.

Бұл мәселеде халықтың пікірі бір жерден шыға береді деуге келмес. Әрине, үлкендер жағы қажет еместігін, жастардың санасын улап жатқанын айтады. Ал спортты қарайтын, арасында бәс те тігіп тұратындардың көзқарасы мүлдем бөлек. Олар Қазақстан шектеу қойса, басқа елдің онлайн кеңселеріне өтушілер көбейеді деп санайды.

Құмар ойындардан ел қазынасына түсіп отырған салықтың көлемі орасан зор. Егер біз шектеу қойсақ, сол салықтан айырыламыз. Бірақ бәс тігушілердің саны бәрібір азаймайды. Өйткені қазір онлайн кез келген елдің букмекеріне тіркеліп, бәс тігуге мүмкіндік бар. Сосын еліміздегі спорттық клубтар, іс-шаралар, трансляциялардың да демеушілері букмекерлік кеңселер екенін ұмытпайық, - дейді Астана тұрғына Талғат Маратұлы.

Жақында Англияның футбол клубтары жейделеріне букмекерлік кеңселердің атын жазудан бас тартты деген ақпарат тарады. Бұл өзгерістің басталуына негізгі идеолог бұрынғы премьер-министр Борис Джонсон болған еді.

Былтыр Англия премьер-лигасы титулдық букмекерлік демеушілерден бас тарту туралы ерікті-мәжбүрлі шешім қабылдайды деп күтілген. Бірақ Джонсонның орнына Лиз Трасстың, кейінірек Риши Сунактың келуі клубтарға заңның кері қайтарылуына үміт беретіндей көрінген. Шын мәнінде олай болмай шықты.

Алдағы аптада Ұлыбритания билігі заңның болжамды нұсқасын жариялауға дайын. Елдегі жауапты министрлік бұған дейін лига ерікті келісім жасаса, заңда жейдегі демеушінің атын жазуда шектеулер болмайды деп түсіндірген.

Ересектердің басым көпшілігі өздеріне зиян келтірмей-ақ құмар ойындардан ләззат алатынын білеміз. Бірақ футболшылардың өскелең ұрпаққа үлгі екенін ескерсек, елемей отыра беруге келмейді, - деп жазды Фрейзер Twitter парақшасында.

Енді сәуір айының соңында жаңа ереже шығады. Әзірге талқылау жүріп жатыр. Онда мынандай баптар бар:

 онлайн-казинодағы бәс тігуді толық шектеу;

Букмекерлердің табысының 1 пайызы құмар ойындарға тәуелділікке зерттеу жұмсау (жылына 100 миллион фунт);

қаржылық мүмкіндіктерді тексеру;

букмекерлік кеңселердің футбол клубтарына демеуші болуына толық тыйым салу.

Қазір ТМД елдерінің футбол клубтарының көбісінде букмекерлік кеңселердің жарнамасы бар. Қазақстанда премьер-лига, бірінші лига, ел кубогының үшеуі де букмекерлік кеңселердің атымен аталады.

Біздің елде футбол клубтары қаржының басым бөлігін жергілікті бюджет пен квазимемлекеттік сектордан және осы букмекерлік кеңселерден алады. Ал Англияда олай емес. Мұнда букмекерлердің қаржысы маңызды, бірақ негізгісі емес.

Англия премьер-лигасында тек сегіз команданың ғана титулдың демеушісі букмекерлік кеңселер. Оның ішінде «Брентфорд», «Эвертон», «Фулхэм», «Лидс», «Ньюкасл», «Саутгемптон» және «Вест Хэм» бар. Сегіз команда жылына осындай жарнамадан 60 миллион фунт пайда табады.

Еуропаның өзге елдерінде жағдай қалай?

Италия мен Испанияда футбол клубтарына букмекерлік кеңселерді жарнамалауға толық шектеу қойылған. Есесіне, криптовалюта компанияларының дәуірі жүріп тұр.

Италия заңды 2019 жылы күшейткен. Ол тұста «Рома», «Лацио», «Торино», «Кьево» клубтары жарнамалап жүрген болатын.

Басында бұл шектеуге А Сериясының өкілдері қарсы болған. Олар мұндай қатаң шектеу 100 миллион еуродан айырылуымызға және Еуропадағы бәсекеге сай болмай қаламыз деп дабыл қаққан. Бірақ Италия билігі өз дегенінен қайтпады. Клубтар басқа жарнама жолдарын іздеуге көшті.

Қазір Италия командалары криптобиржа, блокчейн-платформалармен келісімге келген.   «Ювентус», «Интер», «Лацио», «Милан», «Рома», «Наполи», «Болонья» және «Новара» сонымен қатар фан-токендерді (цифрлік актив) іске қосқан.

Ал Испания 2021/22 жылғы маусымнан бастап, жейдеге букмекерлік кеңселердің атын жазуды шектеген. Англиямен салыстырғанда, Испания командаларына бұл қатты тиді. Өйткені бірінші және екінші лигадағы 42 клубтың 41-і қиналып қалды. 10 команда титулдық демеушіден айырылды. Шығын көлемі жылына 90 миллион еуроға жеткен. Клубтар шұғыл түрде демеуші іздеп, криптобиржаға қосылды.

Дегенмен, Италия мен Испанияда соған қарамастан әлі де лазейка бар. Бұл тек крипвалюта нарығы ғана емес. Букмекерлік кеңселерді басқа елдерде жарнамалауына болады. Мысалы, топ-лига командалары Азия немесе Америкада бәс тігумен айналысатын компаниялармен әріптестік орнатқан. Сондықтан Еуропаның көптеген командасы былтыр соғысқа дейін Ресейдегі букмекерлермен байланыста болған.

Еуропаның өзге топ-чемпионаттары туралы айтар болсақ, Франция мен Германияда шектеу жоқ. Ал Нидерланды 2025 жылы енгізуді көздеп отыр. Бірақ жергілікті федерация бұған қарсылық білдіріп жатыр. Бельгияда талқылау жүруде. Бәстердің жарнамасына елдегі әділет министрі Винсент Ван Квикенборн қарсы.

Шотландияда Англиямен салыстырғанда ондай шектеу қойылмаған. «Селтик» пен «Рейнджерс» секілді елдің маңдайалды клубтарының титулдық демеушілері букмекерлік кеңселер. Лига қыруар қаржыдан айырылғысы жоқ.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға