Жаңалықтар

Құмар ойын ойнауға тек 25 жастан асқандарға рұқсат берілуі керек – депутат

Құмар ойын ойнауға тек 25 жастан асқандарға рұқсат берілуі керек – депутат
Фото: © Pixabay.com 20.03.2024 15:19 596

Президент Атыраудағы Ұлттық құрылтайда жастарымызды құрдымға апаратын бірнеше қоғамдық кеселге тоқталды. Оның ішінде лудомания мен синтетикалық наркотик мәселесі де көтерілді. Тіпті Үкіметке  лудоманиямен күреске қатысты нақты тапсырма беріп, құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу керектігін айтты.

Мемлекет басшысының бұл бастамасын қолдаған Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов лудомания бүгінде талай шаңырақтың шырқын бұзып, адамдардың өз-өзіне қол жұмсауына тікелей себепші болып жатқанын тілге тиек етті. Осы орайда «Аманат» партиясының депутаттары құмар ойын ойнауға тек 25 жастан асқандарға берілуі керек деп отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заң жобасында құмар ойын ойнайтындарды 25 жасқа дейін шектеуді, шетелдік ұйымдастырушылардың заңсыз қызметінде қаржы операцияларына тыйым салуды, бұқаралық ақпарат құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына тыйым салуды және тағы басқа түзетулер енгізуді жоспарладық, - деді депутат.

Өкінішке қарай, Лотоматик және басқа лотерея терминалдары OLX және басқа маркетплейстерде еркін сатылып жатыр. Мәжілісменнің сөзінше, олармен күресті «мейнстримге» айналдыру керек.

Осы аппараттарды сатып алып, тұрғын үйлердің астындағы дүкендерде заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастырып, сотталып жатқан азаматтар да баршылық. Бұл дертпен барлық қоғамдық, саяси, креативті индустрия, басқа да күштерімізді жұмылдыра отырып, салауатты өмір салтын жастардың сөзімен айтқанда «мейнстримге» айналдыруымыз қажет, - деді ол.

Мәжілісмен есірткі мәселесіне де тоқталды. Себебі жыл өткен сайын есірткі саудасы өршіп барады. Елімізде тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркеліп, заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алыныпты.

Мәжілісмен індетпен күресте халықаралық тәжірибені пысықтап, ең үздігін қолдануымыз қажет деп отыр. Ал оны Ішкі істер министрлігі қатаң бақылауы керек.

Қазіргі уақытта есірткі бизнесінің жаңа көріністеріне қарсы күресті күшейту үшін Мәжіліс прекурсорлардың (олардың контрабандасы ғана қылмыстық жазаланады), есірткі жасау үшін пайдаланылатын өзге де заттар мен жабдықтардың (мұнда міндетті белгі оларды өткізу болып табылады) елдегі заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейтін заң жобасын қабылдауға дайын екенін мәлімдейміз, - деді ол.

Байтілесов талай отандасымыздың тағдырына балта шауып жатқан осы індетпен бірлесіп күресуге шақырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға