Жаңалықтар

ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие мәселелері енгізіліп жатыр

ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие мәселелері енгізіліп жатыр
Фото: parlam.kz 06.11.2024 13:55 385

ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспанның «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөнінде баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылғы 11 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде: «Көптеген жас азаматтарымыз Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды» деп айтқан. Сондықтан Ел Президенті осы мәселеге баса назар аударып: «Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек» деп басып айтқан. Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген терең де мәнді нақылы бар, - деді төрайым.

Оның сөзінше, Отанды сүю, Отанға қызмет етуді бала кезден үйрету керек. Алайда, бүгінгі күні елімізде балалар мен жастардың патриоттық тәрбиесі, яғни Отанға адал қызмет ету, азаматтық борыш пен негізгі конституциялық міндеттерді орындау заман талаптарына сай келмейді.

Жауапты уәкілетті органдардың өзара іс-қимылы формальды сипатқа тән. Атқарылып отырған жұмыстары азаматтардың бойында патриоттық сананы берік қалыптастырмайды. 2022 жылы Үкіметке азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тәртібін айқындау құқығы берілген болатын. Сол жылы-ақ тиісті ережелер қабылданды, бірақ бұл іс-әрекет қалыптасқан жағдайды өзгертпеді. Осыларды ескере отырып, біз, Парламенттің бір топ депутаттары еліміздегі әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіруге бағытталған заң жобасын әзірледік, - деді Айгүл Құспан.

Заң жобасы «Әскери қызмет туралы» Заңын «әскери-патриоттық тәрбие», «әскери-патриоттық тәрбие жүйесі» терминдерінің мазмұнын заңнамалық тұрғыдан айқындайтын  жаңа баппен толықтырады.

Осы норма республикалық және өңірлік деңгейлерде Әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестерін құруды көздейді. Кеңестердің негізгі міндеттері төмендегідей:

- әскери-патриоттық тәрбиені дамыту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу;

- бағдарламалық іс-шараларды ұйымдастыру барысында азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеуде барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің күш-жігері мен мүмкіндіктерін біріктіру;

- жастардың бойында Қазақстан армиясының жағымды бейнесін қалыптастыру үшін көркем және деректі фильмдер жасау, музыка және әдеби шығармалар тудыру, баспа өнімдерін шығару, телеарналарда әскерлер туралы циклды хабарлар жүргізу және әлеуметтік желілерде шыншыл ақпарат беру, - деп атап өтті ол.

Әскери-патриоттық тәрбие мәселелерінде үйлестірілген және келісілген жұмысты іс жүзінде жүзеге асыру үшін «Қорғаныс және Қарулы Күштер туралы» Заңында көзделген орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларына тиісті толықтырулар енгізу ұсынылады.

«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңына мәдениет саласындағы уәкілетті органның жастар ұйымдарымен әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығын жүзеге асыру бөлігінде толықтыру енгізіледі. Заң жобасын қарау барысында депутаттар әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіруге, әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыруға бағытталған бірқатар түзетулерді ұсынды. Осыған байланысты заң жобасы мазмұндық және тұжырымдамалық жағынан біршама жақсарды. Осы үшін әзірлеушілер атынан жұмыс тобының мүшелеріне және қатысты депутаттарға алғыс білдіргім келеді. Мемлекет басшысы 2023 жылы өткен Бүкілармиялық кеңесте жастарымызды отаншылдыққа тәрбиелеудің қажет екенін айтқаны баршамыздың есімізде, - деді төрайым.

Оның сөзінше, сынылып жатқан заң жобасы өскелең ұрпақты Отанымыздың нағыз жанашырына айналдыруға, олардың әскери-патриоттық рухын арттыруға әсер ететіні сөзсіз

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға