Жаңалықтар

ҚПЛ клубтары стадионға жарымай жүр: қашанғы ареналардың макетіне қарап жүреміз?

ҚПЛ клубтары стадионға жарымай жүр: қашанғы ареналардың макетіне қарап жүреміз?
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі 11.06.2024 22:00 705

Қазақстандағы футбол клубтары негізінен жергілікті билік бюджетіне бағынышты болғандықтан, оларға қаражаттың қандай көлемде бөлінетіні әкімнің футболға қаншалықты қызығатынына байланысты екені жасырын емес, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Футболды дамытуымыз керек дейміз де, бірақ кей өңірлерде Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсететін клубтардың стадионға жарымай жүргенін қаперге алмаймыз. Бұған дейін «Астана Аренаны» айтып мақтансақ, қыркүйекте өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынына байланысты бүгінде елордадағы басты футбол алаңында да жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан «Астана» клубының өзі қазір өзге қалаларды жағалап жүр.

Жалпы, Қазақстанда стадион саламыз деп макетін көрсететін әкімдер көп. Бірақ солардың барлығы сызба күйінде қалып қойды. Әйтпесе «Шахтер» Еуропаны шулатқанда, Қарағандыда 20 мың адамға арналған стадион салынады деген. Одан бері 11 жыл өтіпті. Сонымен, Қазақстанда қазір стадион құрылысына кіріскен қай өңірлерде ілгерілеушілік бар? Соларға тоқталып өткенді жөн көрдік.

 

Астанада жабық манеж салынады

Рас, елордада «Астана Аренададан» бөлек тағы бір стадион бар еді. Тарихы тереңде жатқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда да кезінде талай матч ұйымдастырылды. Ал 1998 жылғы 10 маусымда дәл осы аренада Қазақстан Республикасы астанасының ашылу салтанаты өткен. 2000 жылы бұл стадион тұңғыш рет футболдан Қазақстан кубогының финалын қабылдады. 2001 жылы да финал сол жерде өтті. 

2002 жылғы 24 шілдеде тұңғыш рет УЕФА Чемпиондар лигасының кездесуі өтіп, көрермен жергілікті «Жеңіс» пен Тираспольдің «Шериф» клубтары арасындағы кездесуге куә болды.

Бірақ соңғы жылдары стадионның жағдайы мүшкіл екені, тиісінше күрделі жөндеу жұмыстары қажет екені жиі айтылып жүрді. Арена 2020 жылы жөндеуге жабылып, қала билігі оған қомақты қаражат бөлді, көп ұзамай ашылатынын да айтып қуантып қойды. Бірақ арада үш жыл өтсе де стадионда құрылыс басталған жоқ, тиісінше ол құлауға айналып, тұрғындарға қауіп тудыра бастады. Сондықтан былтыр оны толықтай бұзып, орнына жаңа, жабық үлгідегі стадион салу туралы шешім қабылданды.

Жаңа стадионның жобасы UEFA стандарттарының үш санатына сәйкес, ауданы 7140 шаршы метр, көлемі 105 метрден 68 метрге дейінгі ойын алаңы бар 4500 орындық жоспарланған. «Хабар» арнасының мәліметінше, ол үшін 30 миллион доллар жұмсалмақ: «Жоспар бойынша, жаңа арена барлық талапқа сай болады. Жобаға сәйкес, жеңіл атлетикалық жолақтар алынады, тиісінше стадион аумағы кеңейеді. Елорда әкімдігінің мәліметінше, жобалау құнының өзі 30 миллион теңгеге шыққан».

Қазіргі уақытта эскиздік жоба әзірленуде. 2025 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Стадионның эскиздік жобасы келісілгеннен кейін мемлекеттік сараптама порталына жүктеледі. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін, ғимараттың құрылысы бойынша жұмыстар басталуы тиіс.

 

Қызылордада іргетасы қаланды

Өзге қалаларда да сең қозғала бастағандай. 1 мамыр күні Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаланың сол жағалауында бір мезетте 10 мың жанкүйер тамашалайтын жаңа стадионның іргетасын қалады. Жоспар бойынша стадион УЕФА-ның барлық талабына сай болады, яғни табиғи алаң төселіп, «Қайсардың» халықаралық аламандарда қонақтарды ұялмай қабылдайтын алаңына айналмақ. Одан бөлек түрлі мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал жобаның сметалық құны 20,9 миллиард теңгені құрайды деген мәлімет тарады.

 

Шымкентте Қазақстандағы ең үлкен стадион салынбақ

Бізде президент тікелей араласпаса, мәселенің шешілуі қиындап кететіні бар. Тіпті жергілікті стадион құрылысына қатысты да тапсырманы тікелей өзі беріп отырады. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі үшінші мегаполис Шымкентте жаңа стадион іргетасын биылдан қалдырмай қалауды тапсырған. Сол кезде шаһар әкімі Ғабит Сыздықбеков  құрылысты жуық арада бастаймыз деп сендірді. Тіпті бұл стадионның еліміздегі ең үлкені болатыны да айтылды.

Президент жаңа стадионның құрылысын биыл бастау туралы нақты тапсырма берді. Осы жылы Бозарық елді мекенінде сыйымдылығы 35 мың адамды құрайтын стадион құрылысын бастап, екі жылда, яғни 2026 жылдың ортасына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. «Қажымұқан» стадионына қатысты түрлі ақпарат тарап жатыр. Оның бәрі бекер сөз. Бұл стадионда қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оны команданың жаттығулары өтетін және жеңіл атлетикадан ұлттық команда жаттығатын орынға айналдырамыз, – деді Сыздықбеков.

Ал Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев құрылысты бастамас бұрын халықаралық стандарттар зерттеліп жатқанын алға тартқан.

Халықаралық стандарттарға сай болуы үшін бұл жобаның концепциясын қарап жатырмыз. Оның құны қанша болатынын да анықтауымыз керек. Жеке инвесторлар мен Қазақстан футбол федерациясы қолдау көрсетеді. Федерация УЕФА-мен ортақ жобаның аясында бірнеше заманауи алаң салды, - деді ол.

Қазақстан туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың сөзіне қарағанда, стадион салынатын жер таңдалғанда автотұрақ мәселесі де ескерілген.

Футбол стадионына 24 гектар жер бөлінді. Ол еліміздегі ең үлкен стадион болмақ. Әзірге бұл ауқымды жобаның бюджеті қанша болатыны есептеліп жатыр. Арена халықаралық стандарттарға сай болатыны анық. Бұл жердің таңдалуы бекер емес, автотұрақтар мен жету жағы да ескерілген, – деген вице-министр.

 

Мұндайлы өлкедегі бетбұрыс

«Атырау» ФК жанкүйерлері үшін де қуанышты жаңалық бар. Жыл басында Атырау облысы сәулет және қала құрылысы басқармасы 225 миллион 856 мың теңгеге заманауи стадионның жобалық-сметалық құжаттамасына байқау жариялап, нақты талаптар көрсетілген еді.

Жобада барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, жарықтандыру жүйесімен жабдықталған, 1400 люкс минималды жарықтандырумен қамтамасыз ете алатын стадион салу көзделген. Стадион 12000 көрерменге арналған, жеке орындықтармен жабдықталған. Сондай-ақ жобада судьяларға арналған ауданы 20 шаршы метрлік киім ауыстыратын бөлме, 150 орындық VIP автотұрақ, ұзындығы мен ені кемінде 5 метр және биіктігі 2,3 метр болатын ТВ-студия, төрт телевизиялық камера және камералар орналастырылатын 10 шаршы метр кеңістік, ТВ-компанияларды тарататын автобустарға арналған ауданы 1000 шаршы метр тұрақ көзделген. Сонымен қатар тапсырыс беруші допинг-бақылау және алғашқы медициналық көмек көрсету үшін мамандандырылған бөлменің болуын да талап етеді. Байқауға қатысуға өтініштер 29 наурызға дейін жалғасты. Жеңіп шыққан ұйымға жобалық-сметалық құжаттаманы жасауға жеті ай уақыт беріледі.

 

Семей стадион салуға 12 миллиард теңге жұмсайды

Биылдан бастап Қазақстан премьер-лигасына қосылған «Елімай» клубы да алдағы уақытта жаңа стадионда доп тебеді. Семейдің сол жағалауындағы «Пищевик» стадионының орнына заманауи спорт кешені бой көтереді. Себебі 60-жылдары салынған спорт кешені әбден ескірген. Заман талабына сай емес. 10 мың көрерменді оп-оңай сыйдыратын аренаның құрылысы биыл қазан айында басталады. 12 миллиард теңге жұмсалатын жоба Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының үшінші біліктілік санатына сай болмақ. Жобалық-сметалық құжаттар рәсімделген.

Стадионның тозығы жеткен. Негізгі конструкциялар, инженерлік коммуникациялық  желілер халықаралық стандарттарға сай келмейді. «Елімай» футбол клубының премьер-лигаға өткенін ескерсек, футбол клубында жылытылатын екі алаң болуы тиіс. Бізде оның біреуі де жоқ, - деп еді «Елімай» футбол клубының техникалық директоры Вадим Сек.

Абай облысы әкімінің орынбасары стадионға қатысты біраз мән-жайды айтып берді.

Бұл стадион ашық типті болады. Спорт кешені бір мезетте 10 мың көрерменді қабылдай алады. Ауданы 4,8 га, ал жалпы аумағы 5,8 га құрайды. Бұл жерде 4 қабатты әкімшілік ғимараты, жаңа заманауи стадион болады. Төрешілерге арналған трибуналар орнатылады. Сондай-ақ «Елімай» спорт клубының кеңсесі де осында орналасады, - деп келтіреді ratel.kz облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтің сөзін.

Жоспар бойынша стадион құрылысы 2026 жылдың ақпанында аяқталуы тиіс. Мұнда жергілікті клуб еурокубоктардың іріктеу раундтарының матчтары мен Қазақстан ұлттық құрамасы жолдастық кездесулер өткізе алатындай болуы керек.

 

Жанкүйері көп «Ақтөбеге» де стадион керек

Осыдан бірер күні бұрын Ақтөбеден де қуанышты хабар жетті. Ақтөбе қаласында жаңа стадион құрылысына жер таңдалғаны туралы ақпарат пайда болды. Дереккөз мәліметінше, жаңа стадион орналасатын аумақ – Батыс-3 шағын ауданы. Сыйымдылығы кем дегенде 25 мың көрермен. «Ақтөбенің» ойындарын көруге 50-70 мыңға дейін адам ниет білдіретінін ескерсек, клубқа жаңа стадион керек-ақ.

Былтыр Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Орталық стадионның ескіргенін, УЕФА стандарттарын сақтау қиын болатынын айтып еді. Жаңа стадион салу үшін инвесторлар іздестіріліп жатқанын да тілге тиек етті.

Біз стадионды техникалық тексерістен өткіздік, жөндеу жұмыстарын жүргізу – күрделі процесс. Біз еурокубоктарға қатысудан үміттіміз. Егер УЕФА талаптарына сай келетін стадион болғанын қаласақ, қазіргі стадионды жөндегеннен гөрі жаңа стадион салған дұрыс екеніне көз жеткіземіз. Ақтөбе үшін футбол – ерекше спорт түрі. Біз футболмен өмір сүреміз. Өз тарихымыз бар. «Ақтөбенің» ойындарын көру үшін адамдар еліміздің түкпір-түкпірінен келеді. Сондықтан 15 мың көрерменді ғана сыйдыратын стадион аздық етеді, - деген болатын әкім.  

 

Ақтау стадионсыз қалмақ

Есесіне ақтаулықтар тағы жаңа стадионсыз қалды. Былтыр Ақтауда жоспарланған жаңа стадионның құрылысы биыл басталмайтын болды. Gooal.kz мәліметінше, стадион салуға әкімдіктен жер бөлінгенімен, қаражат қарастырылмапты. Осылайша, жыл болған аренаның қашан бой көтеретіні белгісіз.

Естеріңізде болса, 2021 жылы Каспий жағалауында заманауи стадион салынатыны, оның Еуропа елдеріндегі алаңдардан кемшін түспейтіні туралы ақпарат тараған. Жоба бойынша негізгі стадион футболға ғана арналып, жүгіру жолақтары қарастырылмаған еді. Ал сыйымдылығы 8 мың адамды құрап, орындықтар санын одан да көбейтуге болатыны айтылған. Енді оның қажеті жоқ. «Каспий» ойынын әрі қарай да 5 мың адам сыятын «Жас Қанат» стадионында өткізе бермек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға