Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қожа Ахмет Ясауи кесенесін реставрациялау жұмыстары жуырда аяқталады

Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында өңірдегі мәдени мұра және туристік инфрақұрылым нысандарын аралады. Әсіресе, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ерекше назар аударылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ермек Көшербаев реставрациялық жұмыстармен танысып, ескерткіштің тарихи келбетін сақтау аса маңызды екенін атап өтті. Қалпына келтіру жұмыстары республикалық бюджет есебінен жүргізілуде және оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

«Күлтөбе» археологиялық қалашығында Премьер-министрдің орынбасары нысанды тарихи сәулетке сай жарықтандыруды және кешкі экскурсиялар ұйымдастыруды тапсырды. Ол Түркістанды тек рухани орталық қана емес, заманауи туризмнің маңызды орталығы ретінде дамыту қажеттігін айтты.

Сапар барысында өңірдің көлік қатынасына да ерекше көңіл бөлінді. Ермек Көшербаев лоукостерлерді тарта отырып, әуе рейстерінің географиясын кеңейтудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, әуе қатынасының дамуы туристер ағынына тікелей әсер етеді.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірде тарихи нысандарды абаттандыру жұмыстары жалғасып жатқанын баяндады. Ол 2025 жылы инфрақұрылымды жақсарту аясында 11,3 млрд теңгеге 6 жоба жүзеге асырылатынын, соның ішінде туристік нысандарға апаратын жолдарды реконструкциялау мен Сауран қалашығына дейін айналма алаң салу жоспарланғанын жеткізді.

Қостанайдан келген турист Қаниза Залиева да Түркістандағы сапардан алған әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, өңірде тарихи атмосфераны сезінумен қатар, заманауи қызмет, тазалық пен жайлылық үйлесім тапқан.

Қазіргі таңда Түркістан облысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қосқанда 1700-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш тіркелген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірге 430 мыңнан астам турист келген. Ал 2025 жылдың сегіз айында бұл көрсеткіш 859 мың адамға жетті. Туризмнің дамуы өңірге тартылған инвестициялар көлемін де арттырып отыр. Биылғы қаңтар-тамыз айларында салаға 65,7 млрд теңге инвестиция құйылған. Сонымен қатар жалпы құны 49,4 млрд теңгені құрайтын 47 жоба жүзеге асырылуда.