Қостанай облысының әкімдігі

Қостанайдағы туризмнің қазіргі деңгейі белгілі болды

20.10.2025 05:26

Қостанай облысы соңғы жылдары туризм саласын дамыту бағытында айтарлықтай қадам жасап келеді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында өңірдің туристік әлеуеті біршама артқан, деп жазады El.kz интернет порталы.

Орналастыру орындары ұсынған қызмет көлемі 2 миллиард теңгеге жетіп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 33 пайызға жоғары. Туристер ағыны да артып келеді: ішкі туризм бойынша 121,9 мың қазақстандық Қостанай өңіріне келген, ал шетелдік қонақтар саны 6 мыңнан асқан. Бұл көрсеткіштер туризмнің өңір экономикасында маңызды орын алып келе жатқанын көрсетеді. 

Облыс аумағында туристерге қызмет көрсететін нысандар саны да жылдан-жылға көбейіп отыр. Қазіргі таңда Қостанай өңірінде 94 қонақүй, 22 демалыс базасы, 2 шипажай және 1 оңалту орталығы жұмыс істейді. Олардың арасында «Сосновый бор» шипажайы мен Therma Park кешені ерекше танымал. Бұл нысандардың емдік және сауықтыру қызметтері облыс тұрғындары мен сырттан келушілердің қызығушылығын тудырып отыр.

Емдік-сауықтыру туризмі Қостанайдағы туристік бағыттардың бірі болып табылады. Алтынсарин ауданының курорттық аймағында орналасқан «Сосновый бор» және «Жайлау» шипажайлары табиғи балшықтар мен минералды сулар арқылы ем-дом шараларын ұсынады. Бұл орындар табиғатының сұлулығымен және таза ауасымен де ерекшеленеді. Ал Қостанай қаласындағы Therma Park СПА-кешені – заманауи демалыстың көрнекті үлгісі. Мұнда түрлі монша-бассейндер, ашық аспан астындағы термалды бассейндер мен сауықтыру қызметтері бар.

Экологиялық және тарихи туризм бағыттары да облыста қарқын алып келеді. Наурызым мемлекеттік табиғи қорығы ЮНЕСКО тізіміне енгізілген және аймақтың экотуризм әлеуетін айқындайды. Қорықтағы бай флора мен фауна, 6 экскурсиялық бағыт табиғат әуесқойлары үшін үлкен мүмкіндік ұсынады. Сонымен қатар, Торғай геоглифтері мен «Күмкешу» бархандары сияқты ерекше табиғи нысандар да өңірдің туристік тартымдылығын арттырып отыр.

Инвестициялық жобалар аясында облысқа жаңа туристік нысандар қосылуда. Мысалы, Амангелді ауданында салынып жатқан көпфункционалды туристік кешенде әлемдік сәулет ескерткіштерінің үлгілері мен Ұлттық жады қабырғасы орнатылады. Ал Денисов ауданындағы «Шаңырақ» демалыс базасы табиғат аясында тынығуды қалайтындарға арналған жаңа орын болмақ.

Жалпы алғанда, Қостанай облысында туризм саласы біртіндеп тұрақты даму кезеңіне өтуде. Жаңа демалыс орындарының ашылуы, экотуризм бағыттарының кеңеюі және емдік-сауықтыру нысандарының дамуы өңірді еліміздің солтүстік аймағындағы маңызды туристік орталықтардың біріне айналдыруда. Алдағы жылдары бұл бағыттағы жобалар өңір экономикасының өсіміне серпін берері сөзсіз.